Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Белгілі қазақ режиссері Ұлттық киноны қолдау орталығының былығын әшкереледі

Опубликовано:

Осыдан бірнеше жыл бұрын жарыққа шығып,кино сыншыларының жоғары бағасын алған "Бәйтерек", "Әкем екеуміз" фильмдерінің режиссері әрі сценаристі Данияр Саламат Ұлттық киноны қолдау орталығының былығын ашты. Ол акционерлік қоғамның қателіктерін тізіп шығып, өз ұсынысын қоса жеткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Фото: Facebook/Данияр Саламат
Фото: Facebook/Данияр Саламат: Instagram

Бұл туралы кино саласының білікті маманы Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

"Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылып, жұмысын бастағанда, елтіп кетпесек те, етегінен тартпадық, күдігіміз болса да, кесір сөз айтпадық, жақсылықтан үміттендік, қолдадық-қолпаштадық. Ақыры не болды?..

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының әділетсіздіктің ордасына шындап айнала бастағанына куә болдық. Бұл қалпында бұл Орталық өзінің негізгі міндетін атқаруға мүлдем қабілетсіз екеніне көзіміз жетті. Қажет десеңіз, бұл дәрменсіз Кино орталығының қателіктерін тізбелеп берейік:

1. Орталық былтыр ғана асығыс-үсігіс, шала-шарпы қабылданған "Кино туралы заңның" негізінде құрылған.

Сол заңға сәйкес, Орталықта үміткер фильмдер "Ұлттық кино" мәртебесіне таласады. Ал бұлардың түсінігінше ("кино туралы заң" негізінде әрине), "кино тобы құрамындағы шығармашылық топтың белгілі бір бөлігі қазақстандық" болса, "продюсерлер қазақстандық" болса, "көркемдік деңгейі жоғары" ("көркемдік деңгейі" деп нені ұғатыны да белгісіз) болса, ұлттық мәртебеге ие болады екен!

Көріп тұрғандарыңыздай, мұнда ұлттық түр, түсінік, таным, ұлттық философия, ұлттық пайым, ұлттың тілі туралы бір ауыз сөз жоқ! Бұл тізбеленген қасиеттерсіз фильмге ұлттық мәртебе берудің өзі – абсурд!

Аталған питчингте киножобалардың он-ақ пайызы қазақ тілінде болуы, санаулы сапалы қазақ тілді, нағыз ұлттық мәртебеге лайықты фильм жобаларының ақтық тізімнен көрінбеуі – осы шалағайлықтың нәтижесі!

2. Екінші питчинг нәтижесі тізімінде "Ауыл" деген атаумен жалгыз "авторлық" фильм жүр.

Оның өзін фильм үшін емес Серік Апырымовтың жеке беделі үшін қосқан сияқты. Арам шөптің ортасында бұққан адал өскін іспетті, негізі қауқарсыз, тамырсыз "коммерциялық" бағыттағы фильмнің ортасында авторлық жобаның жалғысырап тұруы – үлкен қателік. Себебі, авторлық фильмдер – шын өнер туындысы. Авторлық фильмдер – ұлттың ақыл ойы, парасаты.

Біздің ел "жылтырақ" қауқарсыз фильмдермен емес, ақыл ойдың нәтижесі, елдің мәртебесін аспандатар шын өнер туындысы – авторлық фильмдермен әлемдік аренада өз орынын сайлауы керек.

Өйткені, авторлық фильмдердің өрісі кең, құлашы шалқар, оларға еларалық шекара да, басқа да кедергі бола алмайды – олар бар адамзат игілігіне айнала алады. Авторлық фильмдер -ұлттың рухани азығы да, пайда акелер қаржы көзі де бола алады. Оған мысал көп, бірақ біз көп созбас үшін, бар-жоғы он-ақ мың долларға түсіріліп, Венеция кинофестивалінде "Алтын арыстанға" ие болып, әлемнің жүздеген еліне сатылып кеткен Жафар Панахидың "Шеңбер" атты фильмін ғана атап айтайық та, келесі қателіке көшейік.

  • Айтпақшы,Ресейдің азуын айға білеген кинопродюсері Роднянский де бір сұқбатында шетелде Бондарчуктің фильмдерінен гөрі, Звягинцевтің фильмдері табысты жүретіндігін баса айтқан еді.

3. Жобаларды іріктеу-питчингі Орталық басшылары қанша онлайн өткіздік деп күпінгендерімен, өте жұмбақ, ашық емес.

Авторларға питчинг алаңында жақаурата сұрақ қойылғанымен, қателіктері айтылмайды. Питчинг алаңынан шыққан авторлар өздерінің жобаларының қабылданған-қабылданбанын, дұрыс-бұрысын біле алмай пұшайман болады. Эксперттік кеңестің елегінен келесі сатыға өте алмаса, со күйі жобалары "кінәсі" анықталмаған, белгісіз күйінде қалады. Одан әрі ВАК сарасына аттандырған жағдайда да жоба иелерін бегісіздік күтіп тұрады.

Мысалға, биыл Эксперттік кеңес құптаған 58 жоба ВАК іріктеуінен соң 42 жоба блып, қысқарып оралды. Не үшін қысқартты? Не кінәсі бар? Не себепті? Жауап жоқ! Осы ма, әділ, ашық, онлайн питчинг?

4. Эксперттік кеңес мүшелерінің екі-үшеуі ғана қазақ тіліндегі киножобаларды оқып, пікір айта алады.

Мұндай жағдайда объективтілік жөнінде, ұлттық мәртебе жөнінде, ұлттың кинотуындысы жөнінде, жалпы, ұлттық өнер жөнінде ой қозғаудың өзі артық", - деді ол.

Данияр Саламат қателіктерді тізе берсе, шыға беруі мүмкін екенін жасырған жоқ. Осы орайда, режиссер қазақ киносын қалай құтқаруға болаты туралы өз ұсынысын жеткізді.

"Біз тірелген жауап жалғыз: Ұлттық киноны қолдау орталығының міндеттерін "Қазақфильм" құзіретіне беру керек! Оның мынандай артықшылықтары бар:

1. "Қазақфильм" иелігінде кино өндірісіне керекті қойма, ғимараттар, студиялар, техникалар, атшаптырым көрікті ауласы бар.

Осындай киноға арналған ыңғайлы ғажап ғимарат бола тұра Ұттық киноны қолдау орталығы неге қуықтай, терезесі жоқ жеке ғимаратта қыруар ақша төлеп, тығылып отыр?

2. "Қазақфильм" көркемдік кеңес (эксперттік кеңес) жасақтауда анағұрлым алғыр. Тәжиірбелі.

Және мұнда эксперттік кеңестің Ұлттық киноны қолдау орталығындай белгілі уақыттарда ғана емес, жыл бойы, үздіксіз жұмыс істеу мүмкіншілігі бар. Сондай-ақ, мұнда әр үміткер киногермен жеке-жеке кеңес құрып, бар қателіктері мен жетістіктерін көзбе-көз айтып, шешімін протокол жасап, соңынан бірден шығара алады. Ашықтық, әділдік деген осы емес пе?

3. "Қазақфильм" мамандары студияны модернизациялау, жетілдірумен қатар, шын мәнінде ұлттық дүниелер жасауға, ашықтыққа және өнерге деген адалдыққа мән беріп отыр.

Осы! Ал егер Кино орталығын осылай өз білгенімен жіберссек, қазақтың қасиетті кинодаласын арамшөп басып, өнер ордасы таяу арада шырмауық, ошаған, итсигектерден көрінбей қалуы бек мүмкін!", - деп сөзін қорытындылады отандық режиссер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1859495-belgili-kazak-rezisseri-lttyk-kinony-koldau-ortalygyny-bylygyn-skereledi/

pixel