Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Желіде қызу талқыға түскен шошқа субсидиясына қатысты министрлік жауап берді

Опубликовано:

Қазақстанда шошқа шаруашылығына бөлінетін субсидия соңғы күндері әлеуметтік желі кеңінен талқылануда. Желідегілер оны жылқы шаруашылығымен салыстырып, ата кәсібімізге тым аз қолдау көрсетіліп жатқанын алға тартуда. Осы орайда ауыл шаруашылығы министрлігі аталған мәселеге қатысты пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: Facebook

Ресми мәліметке сәйкес, мемлекеттік қолдау мен субсидиялаудың арқасында республикада жылқы саны кеңестік кезеңге қарағанда 1,7 есе көбейген.

"1991 жылы Қазақстанда барлық санаттағы шаруашылықтарда жылқы саны шамамен 1,7 миллион бас болды. Одан кейінгі нарықтық экономикаға көшу кезінде мал саны күрт азайып, 2000 жылға қарай республикадағы жылқы саны миллионға да жетпей қалған. Ал қолға алынған шаралардың нәтижесінде осы жылдың басында жылқы саны 2,9 миллион басқа дейін өсті", – дейді министрлік өкілдері.

Бүгінде мемлекет жылқы шаруашылығымен айналысатын отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуді жалғастыруда. Атап айтқанда, олар үшін төмендегідей мүмкіндіктер қарастырылған:

  • сатып алынған асыл тұқымды айғырлар үшін субсидиялау нормасы әр басқа 100 мың теңгеден;
  • бие сүтін өндірушілер үшін әр литріне 60 теңгеден; 
  • асыл тұқымды жылқының аналық басын бағуға, жем-шөбіне жылына 20 мың теңгеден;
  • жылқы шаруашылығын дамытуға арналған техникалар мен жем-шөп дайындайтын жабдықтарды сатып алғанда мемлекет 25 пайыздық өтеу үлесімен инвестициялық субсидия береді;
  • несиелер мен лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемелерді 10% субсидиялау.
"Бұл қолдау шараларының барлығы жылқы фермалары мен салалық қауымдастықтардың ұсыныстары бойынша жасалған. Жалпы алғанда, 2019 жылы 4,7 мың жылқы фермалары мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды", - делінген ресми хабарламада.

Бұдан бөлек, жылқы сатып алуға 10 жылға дейінгі  6 проценттік несие беру қарастырылған. 2016 жылдан бері "Құлан" бағдарламасы қолға алынған. 2018 жылы 12 мың бас мал сатып алуға 512 шаруашылық қаражат алды, былтыр 1440 шаруашылыққа 40 мыңнан астам жылқы сатып алуға жеңіл несие берілген. 2020 жылы қаржылық қолдау алушылардың саны едәуір артады деген болжам бар.

"Бұл ретте жылқы еті тек ішкі нарыққа бағытталған өнім екенін атап өткен жөн. Экспорттық нарық мүлде жоқ деуге де болады. Осы орайда, қоғамда түрлі пікір тудырған тақырып бойынша мынандай ақпарат ұсынамыз. Мемлекет әрқашан экономикалық тұрғыдан тиімді болу үшін көршілес елдердің сұранысына мән беріп, нарықтағы тұтынушы талабын ескереді", – дейді мамандар.

Министрліктің мәліметі бойынша Қазақстанда 2018 жылдан бастап шошқа етін өндіруді субсидиялау азайтылған болатын. Қазіргі уақытта салада тек екі субсидия бар: асылдандыру мен өсіруге кеткен шығындарды өтеу. Алайда, өткен жылы бұл субсидияны тек бір шаруа қожалығы ғана пайдаланып, небары 6 бас мал алынған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі шошқаның санына қатысты статистиканы да келтірді. Оған сәйкес, 1991 жылы Қазақстанда 2,9 миллион бас шошқа болған, ал 2018 жылы 800 мың ғана қалған. 2019 жылға қарай Қазақстандағы шошқа санының артуы экспорттың өсуімен байланысты болған. 2017 жылы Қазақстан шетелге 300 тоннаға жуық шошқа етін сатса, былтыр осы көрсеткіш 800 тоннаға жеткен. Ал ішкі нарықта шошқа етін тұтыну үлесі 8 процентке төмендеген.

Айта кетейік, бұған дейін отандық блогердің бүркітті "бизнес көзіне" айналдырған азаматтарды сынға алғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1859936-zelide-kyzu-talkyga-tsken-soska-subsidiasyna-katysty-ministrlik-zauap-berdi/

pixel