RU

Елордада бүгін кинотеатр мен балабақшалар ашылмайтын болды

Нұр-Сұлтанда Covid-19 қаупіне байланысты бүгіннен бастап балабақшалар, кинотеатрлар мен ОСО-дағы ойын орталықтары қалыпты режимде ашылып, жұмыс істемейтін болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы елорда әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасына сілтеме жасап.

Көрнекі фото: businessidei.com
Көрнекі фото: businessidei.com: Instagram

Ведомство балабақшалар кезекші топтар арқылы, яғни бір топта 15 баладан жұмысын жалғастыратынын хабарлайды.

  • Олар ең бірінші кезекте балаларын үйіне қалдыруға мұршасы жоқ ата-аналар үшін қызмет етпек.
  • Мектепке дейінгі ұйымға бармаған жағдайда баланың орыны сақталады.
  • Балабақшаға қабылдау үшін учаскелік педиатрдың баланың денсаулығы жайлы анықтамасы болуы тиіс.
  • Баланы балабақшаға қабылдар алдында тәрбиешілер ата-аналардың қатысуымен және медициналық қызметкердің бақылауымен баланы міндетті термометриядан өткізіп, таңертең тексереді.

Әкімдіктің мәліметінше, қазіргі кезде коронавирустың таралу қаупі сейілмей тұр. Санитария нормасын қатаң сақтау керек. Ол үшін маска тағып, қолды антисептикпен шайып, қашықтықты сақтаған абзал.

Қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықованың санитария нормаларын сақтамаудың салдары шаһардағы ауруханалардың науқастарға толып кету қаупін туғызуы мүмкін екенін жасырмады.

Оның сөзінше, бұндай жағдайда дәрігерлер науқастардың бәріне көмек көрсете алмай қалуы ықтимал.

"Инфекция қаупі тіпті денсаулығы мығым зіңгіттей жастардың өзін қалжыратып жіберуі мүмкін. Абай болу керек. Бір адамның селқостығы екінші кісіге қауіп төндірмеуі тиіс. Коронавирус санаулы күннің ішінде адамның ағзасын құртуы мүмкін. Сол себепті өзіңіз үйде емделіп аламын деп ойламаңыз", - деді ол.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес, Қазақстанда маусымнын 15-інен бастап кинотеатрлар көрермендерге өз есігін ашатынын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1860344-elordada-bgin-kinoteatr-men-balabaksalar-asylmajtyn-boldy.html