RU

СҚО-да бір аудан карантинге жабылып, кіріп-шығуға тыйым салынды

Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау ауданы коронавирус жұқтырғандардың тіркелуіне байланысты карантинге жабылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Көрнекі фото: NUR.KZ
Көрнекі фото: NUR.KZ: Original

Аудандық шұғыл штабтың мәліметінше, Айыртау ауданы бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес 18 маусым сағат 00.00-ден бастап карантин шаралары күшейтіледі.

Ауданның шекарасы бойынша блокпостар қойылып, ауданға кіріп-шығу шектеледі. Коронавирус инфекциясының таралуына тоқтау салу мақсатында туристік демалыс орындарының жұмысы тоқтамақ.

Көрші-қолаңға, туыстарға үй-үйді аралауға және отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады.

Дегенмен көшеге еркін шығуға рұқсат етіледі, бірақ екі және одан көп адам бірге серуендегенде қашықтықты сақтап, маска кию міндеттеледі.

Мамандардың айтуынша, мерекелік, спорт, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынған.

Сондай-ақ жағдай түзелгенше компьютерлік клубтардың, балалардың сауықтыру лагерлерінің, мектеп жанындағы лагерлердің, караоке, бильярд, фитнес және жаттығу залдарының қызметі тоқтатылады.

Қоғамдық тамақтану нысандары сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін, ал сауда орындары сағат 20.00-ге дейін ғана жұмыс істемек.

Мамандар тұрғындарды қалыптасқан жағдайға түсіністікпен және жауапкершілікпен қарап, маска мен дезинфекциялау құралдарын пайдалануды сұрайды.

Жалпы СҚО-да 16 маусымдағы жағдай бойынша жалпы өңірде коронавирус инфекциясымен 125 адам тіркелген, оның 51-і емделіп шыққан.

Айта кетейік, бұған дейін СҚО-да карантин шаралары күшейтілгенін хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1860917-sko-da-bir-audan-karantinge-zabylyp-kirip-syguga-tyjym-salyndy.html