Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте жаппай төбелестен көз жұмған бозбаланың анасы іштегі күйінішін жеткізді

Опубликовано:

23 мамырда жаппай төбелес кезінде зардап шегіп, кейін ауруханада көз жұмған 17 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны Абзалбек Өткіровтің анасы оқиғаның мән-жайын толығырақ баяндады. Ол ұлының өмірге деген құштарлығы ерекше болғанын айтады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Азаттық Радиосына сілтеме жасап.

Фото: Абзалбек Өткіровтің жанұясының жеке мұрағаты
Фото: Абзалбек Өткіровтің жанұясының жеке мұрағаты: UGC

Марқұмның анасы Гүлбаршын Барлыбаеваның айтуынша, бұған дейін ұлының біреумен төбелесіп, шекісіп жүргенін көрген де, естіген де емес. "Көп сөзге келмейтін, тілалғыш" баланың кісі қолынан мерт болғанына ана жүрегі әлі де сене алмайды.

"Жұмыстан қатты шаршап келген күнім болатын. Кешкі тамақтан тұрған соң Абзалбекке достары қоңырау шалды. Менен "сыртқа шығып келейінші" деп сұранды. Ваннаға кіріп жуынды. Кенже қарындасын қатты жақсы көруші еді, соны еркелетіп, бетінен қайта қайта сүйіп ойнатты да кетті. Түн ортасында телефон шырылынан шошып ояндым. Қарасам, жұмыстағы таныс апай екен. "Тез жет, балаңды ұрып тастапты" деді. Аузыма түскен бірінші сөз "Аман ба?" болды", - деп еске алды сол күнді Абзалбектің анасы.

Гүлбаршын Барлыбаева баласы жатқан үйге қарай жүгіріпті. Барғанда бойы 1,85 метр баласының еденде есінен танып қансырап жатқанын көрген. Басынан, құлағынан қан кеткенін, мұздай бастаған қолынан ұстағанда тырнақтары жұлынғанын байқаған.

"Жауыздықпен өлгенше ұрып, қинайтындай балам не жазып еді?" , - дейді етегі жасқа толған көп балалы жалғызбасты ана.

Ол ұлының өмірге құштар болғанын жеткізді.

"Балам өмірге құштар еді. Өлген адам өмірді қимай бара жатса, көзі ашық күйінде қалады дейді. Абзалбектің жаны үзілгеннен кейін де көзі ашық күйінде қалды. Қанша жабайын десем де, жаба алмадым", - дейді Гүлбаршын Барлыбаева көзіне жас алып.

Абзалбек 2018 жылдың күзінен Шымкенттегі №6 колледжде аспаз мамандығы бойынша білім алып келген.

Колледж директоры, топ жетекшісі және педагог-психологы қол қойған мінездемеде Абзалбек мұғалімдер мен студенттер арасында сыйлы, қарым-қатынасы жайлы, тәрбиелі жас ретінде сипатталған.

Оқу орнына дейін ол өзі тұратын жердегі №120 мектепте білім алыпты.

"Төрт жыл бұрын үлкен ұлым Алмас 17 жасында жол апатынан мүгедек болып қалды. Сол сәт әлі есімде, ота жасату алдында ағасының анализдері дұрыс шыққан жоқ. "Абзалбек, Алмастан айырылып қалсақ қайтеміз?" дедім. "Анашым, олай айтпаңызшы. Өтінемім, айтпаңызшы" деп дауыстап жылап жіберді. Ағасымен үнемі бірге жүретін. Ол – менің барым, сүйенішім, тірегім еді. Қазір көзімді ашсам да, жұмсам да қара түнек. Жарық жоқ. Баламсыз қалай өмір сүретінімді білмеймін", - дейді Гүлбаршын Барлыбаева.

Марқұмның анасы ұлының қазасынан кейін әлсіреп қалғанын айтады.

"Оразаның соңғы күні сіздерге құран оқып беремін деп уәде етіп еді. Оразасын бітіре алмай, құранын оқуға үлгермей кетті де қалды. Қамалған балалардың ата-аналары келді. "Кешірім беріңізші, өлген бала өлді. Балаларымыздың өмірі түрмеде өтпесінші" дейді. Өлтірмесе, балам өлмейтін еді ғой", - дейді Абзалбектің анасы.

Еске сала кетспек, осыған дейін Шымкенттегі жаппай төбелестен кейін комаға түсіп, ауруханада көз жұмған 17 жастағы жігіт жайлы хабарлаған едік.

Бұл оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалып, бес күдікті қамауға алынды. Оның төртеуі кәмелетке толмаған, біреуі 18 жаста.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1860976-symkentte-bir-top-katarlasyny-kolynan-kaza-tapkan-zigitti-anasy-z-syndygyn-ajtty/

pixel