Выйти
RU

"Дәрігерлер үлгермей жатыр": Нұр-Сұлтанда науқастар өз-өздерін емдей бастады

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар көбейген тұста инфекциялық стационарлар лық толды. Нұр-Сұлтанда ауруханадағы орынның 90 пайызы бос емес. Алматыда да бұдан былай ауруханаға хәлі орташа және ауыр науқастарды ғана жатқызады. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі "резерв бар, керек болса басқа орындарды бейімдейміз" дейді. Ал вирус жұқтырған кейбір науқас ауруханада орын тапшы болған соң үйде өздері емделе бастағанын айтады деп жазады KAZ.NUR.KZ Азаттық радиосына сілтеме жасап.

"Дәрігерлер үлгермей жатыр": Нұр-Сұлтанда науқастар өз-өздерін емдей бастады

Көрнекі фото: azh.kz

Нұр-Сұлтандық Сапар Шәмшиев ышқына жөтеліп, әрең сөйлейді. Азаттық тілшісімен кезекті компьютерлік томография қорытындысын күтіп тұрғанда әңгімелескен 35 жастағы тұрғын коронавирустан өзі емделіп жүр.

Сапар 9 маусымнан бастап суық тигендей өзін жайсыз сезіне бастаған. Бірақ уақыт өте келе тұмаумен ауырғанда жиі кездесетін симптомдар байқалып, мазасы қашқан: қызуы 38,5 градусқа дейін көтеріліп, иіс сезбей, құрғақ жөтел қысқан, кеуде тұсы сыздап, әлсіздік басқан. Екі рет шақырса да, жедел жәрдемнен де, өзі тіркелген емханадан да ешкім келмеген.

12 маусымда ақылы тест тапсыруға өз бетінше лабораторияға барған Сапарға диагнозын ертеңіне хабарлаған – COVID-19.

Тағы да оқыңыздар

Тележүргізуші Дана Нұржігіттің өмірбаяны

Лаборатория қызметкері анализ қорытындысын учаскелік дәрігерге жібергенін ескертіп, ем-домды солар жүргізетінін айтады. Бірақ Сапарға ешкім телефон соқпаған.

Сапар уақыт жоғалтпас үшін өз бетінше емделе бастады.

"Томография өкпемнің 25 пайызы қабынғанын көрсетті. Қорытындысын учаскелік дәрігерім мен өзім тіркеуде тұрған, қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарайтын орталыққа да жібердім. Сонда да ешкім қарамады, емдемеді, ешқандай кеңес бермеді. Хабарлассам, учаскелік дәрігер де, бас дәрігер де жауап бермейді", - дейді тұрғын.

Тест қорытындысы шыққан соң да Сапардан кіммен байланыста болғанын сұрап ешкім хабарласпаған. Үйдегі әйелін де, балаларын да анализ тапсыруға шақырмаған.

Әйелі де қазір өз бетінше емделіп жатыр. Балаларын тастап кететін ешкім болмаған соң үйде баяғыдай бірге тұрады. Тек Сапар бөлек жатады. Үлкені – 11, кенжесі екі жасар балалар дүйсенбі, 15 маусымда тест тапсырған. Қорытындысы әзірге белгісіз.

Сапар әлеуметтік желіде бұл туралы шағынып пост жазған соң, тіркеуде тұрған емхана дәрігері хабарласқан.

- "Ой, қазір адам көп. Үлгермей жатырмыз. Түсініңіз" дейді. Онлайн түрде кеңес беруге де болар еді ғой, - дейді Сапар.

Тағы да оқыңыздар

Жүктілік кезінде әйел адамдар не істеуі керек?

Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының 17 маусымдағы дерегінше, күн сайын ауруханаға түсетін 500 адамның тең жартысының өкпесі қабынған. Маусым айында пневмониямен түсетіндер саны жыл басындағы шамамен салыстырғанда 100 есе өскен.

Азаттық коронавирус табылған науқастарды стационарларға орналастырумен айналысып жүрген екі медицина қызметкерімен сөйлескен.

Алматыдағы емхананың бірінде істейтін қызметкер кейінгі екі аптада өзінен вирус табылғанын айтып хабарласатындар күрт көбейгенін айтады. Ол стационарларда орын жоқ дейді.

"Науқастарды жатқызу өте қиын. Кеше де, бүгін де (16-17 маусым) ешкімді жатқыза алмадық. Стационарда орын мүлде жоқ, лық толы. "Халі өте ауыр науқастарды ғана жатқызыңдар" деді. Екі апта бұрын бес-алты адамға орын табатынбыз. 16 адамды жатқызған күн де болды. Бұл – біздің емханада ғана. Қала бойынша одан бірнеше есе көп. Ал қазір тоқтап қалды. Үш күн бұрын бір науқасты жатқыздық", – дейді емхана қызметкері.

Оның сөзінше, науқастың бәрінде бірдей үйде емделуге жағдайы жоқ.

"Жаңа ғана бір науқаспен сөйлестім. Жөтеліп жүргеніне бір ай болған. Оқшаулануға жағдайы жоқ. Кішкентай төрт баласы бар. Оны жатқызатын жер де жоқ. Бірде-бір привозорлық орталықта орын жоқ. Отбасымен үйінде қалуға мәжбүр. Бір бөлмелі пәтерде тұрады", – дейді ол.

Тағы да оқыңыздар

Жын кірген адамды қалай анықтауға болады?

Екінші қызметкер қаладағы ең ірі ауруханалардың бірінде эпидемиолог болып істейді.

"Жұмыстан жаңа келіп, шай іштім. Күнде – осы. Күні бойы халі ауыр науқастарды жатқызатын орын іздейміз. Қырылысып ұрсысып жүріп, жалынып жүріп әйтеуір... "Мына кісінің жағдайы қиын, ырсылдап дем ала алмай тұр, қызуы түспей жатыр" деп, сөйтіп жүріп орын табамыз. Одан соң денсаулық сақтау басқармасына хабарласамыз. Олардан рұқсат аламыз. Инфекциялық стационарға хабарласып, орын бар-жоғын сұраймыз. Қазір стационарлар толып қалған", – деді ол.

17 маусымда Нұр-Сұлтан қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова қалада жағдай ушыққанын, орын да, тест те жетпей жатқанын мойындады. Ол "жұрт бейқам жүре берсе, ауруханаларда орын жетпей, Италиядағыдай сценарий қайталануы мүмкін" деді.

Қазір астана ауруханаларында 1711 адам жатыр. Қаладағы инфекциялық стационарлардағы орындардың 90 пайызы бос емес.

Қалада жедел жәрдемге хабарласатындар 3,5 есе өскен. Қисықованың сөзінше, кейінгі үш тәулікте орта есеппен 150-ден астам адамнан вирус табылып жатыр. Олардың 50 пайызында ауру симптомы жоқ.

Тағы да оқыңыздар

Бөлмеде өсіруге арналған гүлдер

Ал Алматы денсаулық сақтау басқармасы басшысы Қамалжан Надыров Алматыда жағдай қиын екенін, күн сайын емханаларға (коронавирус жұқтырған) 100-ден аса адам түсіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, емханаларда орта есеппен 200-300 орын бар. Надыров науқастың бәрін жатқызу үшін үш күн сайын жаңа инфекциялық стационар ашу керек, бұл мүмкін емес деп отыр.

"Қалада COVID-19 індетін емдеуге 10 емхана жасақталған. 1300-ден аса науқас емделіп жатыр. Басқа емханаларды вирус жұқтырғандарды емдейтін орынға бейімдеу мүмкін емес. Себебі олар инфаркт, инсульт, аппендицитпен түскендерді қабылдап жатыр. Әңгіме стационардағы орында ғана емес, вирус жұқтырғандарды емдеуге дайын дәрігерлер тобының бар-жоғы да мәселе. Сондықтан, өкінішке қарай, жағдайы орташа ауыр не ауыр науқастарды ғана жатқызуға мәжбүрміз", – деді басқарма басшысы.

Қазақстандағы соңғы жаңалықтар мен фото, видео және өзге де эксклюзивтер жайлы алғашқылардың бірі болып біліңіз!

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
"Дәрігерлер үлгермей жатыр": Нұр-Сұлтанда науқастар өз-өздерін емдей бастады