RU

Санитарлық бекет қойылады: Қостанай облысында да карантин күшейтілді

Қостанай облысында 18 маусымнан бастап бірқатар шектеу шаралары енгізілді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ өңір әкімі Архимед Мұхамбетовтың ресми Instagram парақшасына сілтеме жасап.

Қостанай облысында карантин күшейтілді
Көрнекі фото: KAZ.NUR.KZ: Original

Өңір басшысы соңғы күндері эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлағанын және шектеу шараларының бұзылу фактілерінің анықталғанын атап өтті. Осы орайда облыста 18-і мен 30 маусым аралығында карантиндік режим күшейтіледі.

Белгілі болғандай, 19 маусым күні өңірде 3 санитарлық бекет қойылады.

Сондай-ақ, субұрқақтардың, аттракциондар мен батуттардың, бильярд пен караоке-барлардың, боулинг орталықтардың, тату мен массаж салондарының жұмысы тоқтатылды.

Айта кету керек, Қостанай облысындағы ХҚКО онлайн режимде қызмет көрсетуі тиіс. Егер қашықтан қызмет көрсету мүмкін болмаса, қабылдауға алдын ала жазылуға болады. Мұндай қызмет көрсетулер 10:00-ден 18:00-ге дейін көрсетіледі.

Сонымен қатар, шаштараз қызметінің (алдын ала жазылу бойынша 10:00-ден 18:00-ге дейін), 15 адамға дейінгі балаларды дамыту орталығы мен үйірмелердің (9:00-ден 16:00-ге дейін), базарлардың (10:00-ден 18:00-ге дейін) жұмыс режимі өзгертілді. Мемлекеттік қызметкерлердің 80 пайызы қашықтықтан жұмыс істейтін болады.

Әкім Қостанай облысының тұрғындарын жағдайға барынша жауапкершілікпен қарап, шектеу шараларын қадағалауға шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 20-21 маусым күндері шектеу шараларының күшейтілетінін хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1860993-sanitarlyk-beket-kojylady-kostanaj-oblysynda-da-karantin-ksejtildi.html