Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Адал ақша табатын жер": Ақтөбелік экс-шенеунік табысқа кенелудің жолымен бөлісті

Опубликовано:

31 жастағы ақтөбелік кәсіпкер адал ақша табудың жолымен бөлісті. Жас кәсіпкер - бұрынғы шенеунік. Ол 23 жасында министрлікте басқарма басқарып, отызға толмай әкімнің орынбасары болған. Дөкей қызметте "ағасы" да, "көкесі" де жоқ ауыл баласы табысқа қалай жеткенін KAZ.NUR.KZ порталына баяндап берді.

"Адал ақша табатын жер": Ақтөбелік экс-шенеунік табысқа кенелудің көзін тапты
Фото: Жеке мұрағат: UGC
"Қарапайым отбасынан шықтым, "ағам", "көкем" жоқ. Оқу бітірген соң бірден жұмыс тауып кете алмадым. Достарым арқылы экономика министрлігіне барып, 3-4 ай тәжірибеден өттім. Ауылға қайтуға намыстанатын едім. Төрт ай дегенде конкурстан өтіп, экономикалық зерттеу институтына жұмысқа қабылданып, мемлекеттік бағдарламалар жаздық.
Кейін министрлікте өңірлік саясатты зерттеу басқармасының басшысы болдым. Шындығын айтсам, бұл қызметті маған ең соңынан ұсынды. Басқармада менен басқа маманның бәрі демалысы жоқ жұмыстан қашты. Ал менде жұмысқа деген қажеттілік, "аштық" болды.
Министрлікте көп жұмыс жасадық. Соның арқасында шетелге шығып, көп жерде білім алдық. Кейін Алматыға көшіп, ұлттық банкте 2-3 жыл жұмыс істегеннен кейін Ақтөбеге қайттым", - дейді ол.

Ақтөбеге келген маман әртүрлі қызметте болған. Дегенмен бірнеше тілді меңгерген Жұман Зине жалақаның мардымсыздығынан мемлекеттік қызметпен қош айтысқан.

"Қала әкімінің орынбасары болдым, аппаратта жұмыс істедім. Мемлекеттік қызметтен кетуге өзім шешім қабылдадым. 120 мың теңге жалақы жақсы өмір сүруге жеткіліксіз.
Одан кейін де мемлекеттік қызметке қайтуға біраз ұсыныстар болды. Бірақ кем дегенде 5-6 жыл жеке кәсіпкер болып, материалдық жағдайды дұрыстап алуым керек деген ойға бекідім", - дейді экс-шенеунік.

Кейіпкеріміз лауазымды қызметтен кейін жеке кәсіппен айналысып кетудің оңайға соқпағанын жасырмады.

"Жоғары лауазымнан кейін жеке кәсіппен, өз-өзіңмен жүру қиын. Қызметте болғанда қоластыңда көп адам жұмыс істейді. Көпшілік назары сенде болады. Туыстар, жолдастар сені жоғары лауазымды қызметкер деп қабылдайды. Министрлікте, әкімшілікте жұмыс істеп жүріп, жай кәсіпкердің бірі болып қалған соң, бойыңнан тәкаппарлық дегенді байқайды екенсің.

Өзіммен күрестім десем болады. Қарапайымдылықты жоғалтып алмау керек. Ең қиыны сол. Адал қызмет жасап, көп ақша табудың жолы бар. Ол - жеке кәсіппен айналысу. Мүмкін басқа да жолдар бар шығар. Менің тәжірибемде осы. Басында біраз қарызға кірдім.

Осы жолдан жеңілсем, жағдай түзету қиын болатынын саналы түрде түсіндім. Білім алу үшін кәсіпкерлерді оқытатын бағдарламаларға бардым. Көзқарас өзгерді", - дейді бұрынғы шенеунік.

Бүгінде жас кәсіпкердің бизнес саласында жүргеніне екі жылдан асқан.

"Экономика саласында оқығанда үлкен мекемелерді басқаруды үйретеді. Ал кішкентай кәсіпті басқаруды ешкім үйрете алмайды. Донер сатуды қалай бастайды, азық-түлік дүкені қалай басқарылады, қалай жетістікке жетуге болады дегенді ешкім үйретпейді. Кішкентайдан бастау қиын.
Әкімшілікте бәрі дайын. Бір жүйеге құрылған жұмыс. Тек уақытында бақылау жасап, тапсырма беруің керек. Ал мында бәріне өзің жауаптысың. Басында қиналдық, жұмысты бастасаң ғана іс жүреді. Отбасымызбен бірігіп біраз жұмыстар жасадық. Кәсіпкерлерді оқыту орталығын аштым.
Үлкен жетістікке жеткен кәсіпкерлерді шақырып, кәсіпті бастап жатқандарға үйреттік. Менің ойымша, бір затты бастағың келсе, оны істеп көрген, істеп жатқан адамнан үйрену керек. Сол себепті оқыту курсына Ресейден танымал кәсіпкерлер шақырттым. Әлі де кәсіпкерлерді оқытумен айналысамын.
Өзіміз де қатар оқып жүріп, тағы басқа кәсіп ашу керектігін түсіндік. Нарығы үлкен киім сатуды таңдадық. Бұл менің сүйікті жұмысым деп айта алмаймын. Сұраныс бар, экономикалық тұрғыдан тиімді. Тұтынушы көп. Ақша көп. Адам әр уақытта киім алады. Инновациямен айналысқан жоқпыз. Ақша бар жерге бардық", - дейді ол.

Сондай-ақ, кәсіпкер бүгінде жауапкершіліктен қашып, жұмыссыз жүрген жандардың мәселесін қозғады. Айтуынша, қазіргі таңда көптеген адам мемлекет қамқорлығына үйреніп қалғандай.

"Қытайлар секілді "копипаст" болу да өнер. Қатты ақылды болудың керегі жоқ. Бір азамат жақсы іс жасап, одан пайда тауып жатса, сол нәрсені қайталау керек. Қытайлар әлемдік нарықтағы ұялы телефонға сұранысты көріп, қайталады, көшірмесін жасады.

Басында оларда сапа дұрыс болған жоқ. Қазір ол жақтан шығарылған телефондар дүние жүзінің ең жақсы өнімдерінің қатарында. Осыдан олардың инновациямен айналыспағанын, ойлауға уақыт жұмсамағанын көресіз. Көш жүре түзеледі. Жайлап бір жерге ұра берсе бірдеңе шығады деп ойлаймын. Тек жұмыс істеу керек. Оның үстіне қазір Қазақстанда кәсіппен айналысу жеңіл.

Ақтөбеде өзім етене жұмыс істейтін жүзден аса кәсіпкер бар. Бәрінде шешілмеген мәселе - кадр жетіспеушілігі. Қоғамда жұмыс таба алмай жүргендер мәселесі де жиі көтеріледі. Жұмыс көп, жұмыс таба алмай жүрген адам да көп. Түсініксіз. Қазір жалқаулар көп пе деп ойлап қаласың.
Көп адам мемлекет қамқорлығына үйреніп қалғандай көрінеді. Отбасының, ең бастысы өзіне деген жауапкершіліктен қашады. Қазір сәл нәрсеге өзгені кінәлаймыз. Бұл ХХІ ғасыр ең өзекті мәселесі деп ойлаймын", - деп сөзін қортындылады Жұман Зине.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін отандық танымал кәсіпкер Қайрат Құдайбергеннен коронавирус анықталғанын хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1861243-adal-aksa-tabatyn-zer-aktbelik-eks-seneunik-tabyska-keneludi-kzin-tapty/

pixel