Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әлеуметтік маман: Екінші рет тұрмыс құрған әйелдердің бақытты болуы сирек кездеседі

Опубликовано:

Соңғы екі жылда екінші рет тұрмысқа шыққан әйелдердің күйеуінен қорлық көріп, ажырасу жағдайы айтарлықтай көп тіркелген. Бұл туралы Алматы қаласындағы "Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы орталықтың" қажеттілікті бағалау және айқындау жөніндегі әлеуметтік қызметкері Зульфия Умарова мәлімдеді. Қызметкердің айтуынша, орталыққа келетін әйелдердің басым бөлігі екінші күйеуінен зәбір көріп, бірінші некедегі балаларын мойындата алмаған деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: Instagram
"Алматыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы орталық 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы үш жыл аралығында бұл орталыққа бас сұққандардың санында шек жоқ. Біздің орталық 8 бағытта көмек көрсетеді. Бізге келген әйелдер қандай көмекке мұқтаж болса, біз сол бағытта көмектесуге дайынбыз. Өкінішке қарай, соңғы екі жылда бізге келушілер арасында екінші күйеуінен зорлық көргендер көп.

Олардың басым көпшілігі бірінші жолдасы қайтыс болған соң немесе екі жақтың келісімі бойынша ажырасқан соң, қайтадан тұрмысқа шыққандар. Бірақ бірінші некедегі баланы екінші жұбайының қабылдауы өте сирек кездеседі. Өзінен туған баланы жақын тартып, өзгенің ұлын өзектен тебетіндер, өкінішке қарай, өте көп. Мұндай әйелдер негізінен ажырасуға арыз беріп, екі некедегі балаларымен бөлек тұрғанда жөн санайды. Екінші рет тұрмысқа шыққан балалы әйелдердің бақытты болуы ілуде бір кездеседі", - дейді маман.

Әлеуметтік қызметкердің айтуынша, отбасындағы зорлық-зомбылық балалар психологиясына да кері әсерін тигізеді. Жанұядағы ұрыс-керістен әбден мезі болған балалардың жағдайы орталық қызметкерлерін алаңдатып отыр.

"Отбасында тыныштық пен береке болмаса, баланың да мәзі кетеді. Ата-анасының күн сайын ұрысқанын, анасының таяқ жегенін көру балаға оңай емес. Бұл өте ауыр соққы. Біздің орталыққа келетін балақайларға дереу психологиялық көмек көрсетуге тырысамыз. Себебі, бала кезінен психологиялық соққы алудың салдары ауыр. Мәселен, біздегі бар балақайдың оқиғасы жаныңды ауыртады. Үйдегі әке-шешесінің айғайынан әбден қорқып қалған бала кіші дәретін ұстай алмайтын деңгейге жеткен. Ол дәрет сындырғысы келетінін айтуға қорқып, осындай ауруға шалдығыпты. Біздің орталық дәрігерлері баланы дереу бақылауға алып, емдеп шығарды. Өкінішке қарай, отбасындағы жанжалдың кесірі балаға қиын соғып жатыр", - дейді Зульфия Умарова.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық орталығындағы әйелдердің басым бөлігі үй шаруасында отырып, өзіне қарауды ұмытқан және өзін-өзін кемсітіп,тастап жіберген жандар.

"Күйеуінен, әке-шешесінен, қайын енесінен қысым көретін әйелдердің көпшілігі үй шаруасында отырып, өзіне қарамай кеткен. Жоғары білімі болса да, мүлде жұмыс істеп көрмегендер бар. Біз орталыққа келген әйелдердің өміріне бей-жай қарамаймыз. Қажетті көмектің барлығын ұсынамыз. Тіпті, орталықтан кеткен соң да 6 ай бойы олармен байланысып, бақылауда ұстаймыз. Бізге қайтып келетіндері де, жаңа өмір бастап, тәуекел ететіндері де бар", - дейді маман.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1861353-leumettik-maman-ekinsi-ret-trmys-krgan-jelderdi-bakytty-boluy-sirek-kezdesedi/

pixel