RU

Өзбекстан қыдырып келіп, коронавирус жұқтырған туристерге 3 мың доллар өтемақы төлемек

Өзбекстанға қыдырып келіп, COVID-19 инфекциясын жұқтырған шетел азаматтарына 3 мың доллар өтемақы төлейді. Осындай жарлыққа ел президенті Шавкат Мирзияев 19 маусымда қол қойды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Орталық Азияның жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: Depositphotos

Мирзияев қол қойған құжат "Uzbekistan. Safe travel guaranteed" ("Өзбекстан. Қауіпсіз саяхатқа кепілдік беріледі") деп аталады.

Елде шетелдік туристердің денсаулығын қамтамасыз ету аясында Қауіпсіз туризм қоры құрылмақ. Оған Дағдарысқа қарсы қордан 20 млрд сум (2 млн доллар) бөлінеді.

Денсаулық сақтау инновациясы ұлттық палатасының төрағасы Равшан Изамов жергілікті және шетелдік туристер қауіпсіз аймақта жүргеніне сенімді болуы керек деп мәлімдеді.

"Туроператорлар, қонақүйлер және туризм саласына байланысы бар барлық мекемелер бірқатар талаптарды орындаған кезде арнайы сертификатқа қол жеткізеді. Ал бұл сертификат туристермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді", – дейді Изамов.

Айта кетейік, туристерге өтемақы төлеу тәжірибесі әлемнің көптеген елінде кең қолданылады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Дубай 7 шілдеден бастап шетелдік туристерді қабылдай бастайтынын жазған едік.

Сонымен қатар осыған дейін Түркия мен Мысыр туристер үшін шекараларын ашатынын мәлім еткен еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1861636-zbekstan-kydyryp-kelip-koronavirus-zktyrgan-turisterge-3-my-dollar-temaky-tlemek.html