Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мен мұны 2008 жылы болжап айттым": Тоқаев әлемдегі қазіргі ахуал жайлы пікір білдірді

Опубликовано:

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қатынастарда ұлтшылдыққа бет бұру үрдісі артатынын 2008 жылы болжаған. Алайда, оның пікірі саясаткерлер мен ғалымдар тарапынан қолдауға ие болмапты. Бұл туралы мемлекет басшысының өзі "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында мәлімдеді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Мен мұны 2008 жылы болжап айттым": Тоқаев әлемдегі қазіргі ахуал жайлы пікір білдірді
Фото: Ақорда: Twitter

Президенттің пікірінше, қазір мызғымастай көрінген жаһандану үрдісі пандемия әсерінен кідірістеп қалған.

"Мемлекеттер өзін-өзі оқшаулауға, "әркім өз күнін өзі көрсін" қағидатына баса мән бере бастады. Халықаралық қатынастарда ұлтшылдыққа бет бұру үрдісі артып келе жатқаны байқалады. Мен мұны 2008 жылы ертерек болжап айттым. Бірақ ол кезде менің тұжырымымды саясаткерлер мен ғалымдар қолдамады. Тіпті коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеу ісі де халықаралық ынтымақтастықтан тыс, "әркім өзі үшін" қағидаты бойынша жүзеге асырылуда.
Әлемде өзге баламасы жоқ Біріккен Ұлттар Ұйымы өзінің атына заты сай бірегей халықаралық ұйым ретінде пандемия кезінде аса белсенділік таныта қоймады. Ірі державалар арасында текетірес күшейіп келеді. Аймақтардағы қақтығыстар шиеленісе түсті. Бұл – өңірлік мемлекет ретіндегі Қазақстан үшін қолайсыз үрдіс",- деді ол.

Тоқаев Қазақстан экономикасы санкциялық соғыстар мен саяси текетірестерден шығынға ұшырап жатқанын жасырған жоқ.

"Еліміз өзінің бейбітсүйгіштігі мен өңірлік қауіп­сіздікке сындарлы үлес қосуға әзірлігін тұрақты түрде көрсетіп келеді. Елбасымыз ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы әрі жаппай қарусыздану саясатының нағыз жақтаушысы ретінде бүкіл әлемге танылды.

Тәуелсіздік жылдары бұл бағытты нығайту үшін көп жұмыс атқа­рылды. Ең бастысы – мемлекеттік шекара­мыздың беріктігі! Қазақ­станның Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия мемлекеттерімен арадағы шек­ара­­сының заңды түрде рәсімделіп, белгіленуінің, шын мәнінде, тарихи да, саяси да мәні зор. Шекара мәселесінде құжатты түрде екіжақты келісімнің болмауы қандай ауыр әрі ауқымды зардаптар мен қайшылықтарға әкелетінін көзіміз көріп отыр. Алыстан да, жақыннан да мысалдар аз емес.

Қазақстанның халықаралық дип­ломатияда бейбіт әлем туралы әрдайым өзіндік түсінігі, өзіне тән ерекшелігі болды. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев көпвекторлы, теңге­рімді сыртқы саясатта Ресеймен стратегиялық серіктестікті, ынты­мақтастықты нығайтуға және өңірлік инте­грацияға баса мән берді. Бұл – дұрыс таңдау болды. Дегенмен, әлем­дегі ахуал бір орнында тұрмайды, алпауыт мемлекеттердің геосаяси мақсаты өзгеруде.

Осындай жағдайда Қазақстан бірінші кезекте өзінің ұлттық мүддесін қорғауға міндетті. Сондықтан мен Еуразиялық экономикалық одақтың биылғы 19 мамырда өткен саммитінде интеграцияны Қазақстанның егемен­дігіне нұқсан келмейтін жағдайда ғана қолдайтынымызды ашық айттым",- деді президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1862104-men-mny-2008-zyly-bolzap-ajttym-tokaev-lemdegi-kazirgi-ahual-zajly-pikir-bildirdi/

pixel