RU

Ақтөбе облысында демалыс күндері мезгілсіз карантин енгізілді

Ақтөбе облысында эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты демалыс күндері мезгілсіз карантин жарияланды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Көрнекі фото: NUR.KZ
Көрнекі фото: NUR.KZ: UGC

26 маусым күнгі сағат 22.00-ден 29 маусым күнгі сағат 00.00-ге дейін Ақтөбе облысы аумағында шектеу шаралары мен карантин талаптары күшейтіледі. Жаңа ереже өңірдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанша енді әр сенбі-жексенбі сайын қолданыста болмақ.

Облыс аумағында сенбі, жексенбі күндері сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда орталықтары, сауда үйлері, супермаркеттер, гипермаркеттер, азық-түлік және азық-түлік емес тауар базары, азық-түлік сатпайтын дүкендер жұмыс істемейді, жәрмеңкелер тоқтатылады.

Сонымен қатар мейрамхана, кафе, фаст-фуд, фудкорт, асхана және басқа қоғамдық тамақтану орындары клиент қабылдамайды. Тек тапсырыспен жеткізуге болады.

"Фитнес-орталықтар, фитнес-клубтар, жаттығу залдары, спорт кешендері, бассейндер, SPA орталықтар, салондар, сұлулық салондары, шаштараз, тырнақ студиялары, солярий, массаж орталықтары және қызмет көрсету саласының басқа да ұқсас объектілері жұмыс істемейді. Қоғамдық монша, сауна жабылып, қоғамдық көліктің қозғалысы шектеледі. Қоғамдық орындарда, саябақ, сквер, жағалаулардың, көшедегі ойын алаңдарының және азаматтардың өзге де демалыс орындарында жүруге болмайды", – деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Еске сала кетсек, осыған дейін Атырау облысында осы демалыс күндері карантин шектеулері күшейетінін жазған болатынбыз.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/1862165-aktbe-oblysynda-demalys-knderi-mezgilsiz-karantin-engizildi.html