RU

Дерт дендеп барады: Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 10 млн-нан асты

Әлемде COVID-19 жұқтырған науқастар саны 10 миллионнан асты. Эпидемия басталғалы бері 500 мыңнан астам адам осы індеттен қайтыс болған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Coronavirus2020.kz-ке сілтеме жасап.

әлемм
Көрнекі фото: pixabay.com: Getty Images

Әлемде науқастар саны бойынша АҚШ бірінші орында тұр. Мұнда 2,5 миллион адамнан коронавирус табылып, 128 мыңнан астам науқас қайтыс болған.

Екінші орында тұрған Бразилияда 1 миллион 300 мың адамға COVID-19 инфекциясы жұғып, 57 мыңнан астамы көз жұмған.

Үшінші орынға жайғасқан Ресейде 634 мыңнан астам адамға коронавирус диагнозы қойылыпты. Төрт айға жуық уақыттан бері 9 мыңнан астам науқас қайтыс болған. Өткен тәулікте 6 791 адамнан вирус табылып, 104 науқас қайтыс болған.

Ресей билігі COVID-19 диагнозымен көз жұмған барлық науқастарды статистикаға енгізбейтінін мойындайды. Тек науқастың өліміне инфекция себеп болды деген шешім шығарылса ғана есепке енгізіледі.

Федералдық штаб статистикасы аймақтық статистикамен көп жағдайда сәйкес келе бермейді. Ал штаб пен Росстат, аймақ мәліметі арасында айырмашылық бар. Шенеуніктер мұны есептеудің түрлі әдістерін қолданатындығымен түсіндіреді.

Естеріңізге сала кетсек, соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 21327-ге жетті.

Өткен тәулікте тағы 547 адамнан коронавирус анықталғаны белгілі болды.

Қауіпті дертті елімізде 13 мыңға жуық науқас жеңіп шықса, 178-i вирус салдарынан көз жұмған. Соңғы өлім жағдайлары Атырау облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Түркістан облысында тіркелді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1862530-dert-dendep-barady-lemde-koronavirus-zktyrgandar-sany-10-mln-nan-asty.html