Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Орынбасарлары ауырып қалған Шымкент әкімі жалғыз жұмыс істеп жүр

Опубликовано:

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пневмонияға қатысты жағдай туралы айтты. Қазір әкім жалғыз жұмыс істеп жүргені белгілі болды, оның орынбасарларының барлығы ауырып қалған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Орынбасарлары ауырып қалған: Шымкент әкімі жалғыз жұмыс істеп жүр
Мұрат Әйтенов. Фото: NUR.KZ: UGC

Соңғы уақытта өршіп тұрған пневмония қала басшылығын айналып өтпепті. Шымкент қаласы әкімінің екі орынбасары пневмония диагнозымен ем қабылдап жатса, екеуі ЖРВИ жұқтырған. Кәсіпкерлік пен медицина, идеология саласына жауапты орынбасарлар емханада пневмониядан емделіп жатыр.

Бұл туралы ақпаратты Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі растады. Ал Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 24 маусымға дейін оқшауланған режимде жұмыс істеуге мәжбүр болған. Өйткені 10 маусым күні Шымкентке жұмыс сапарымен келіп-кеткен бұрынғы денсаулық сақтау министрі Біртановтан короновирус инфекциясы анықталған соң, шаһар басшысы тест тапсырып, екі апта бойы оқшауланып, онлайн режимінде жұмыс істеді.

Сындарлы шақта еліміздің үшінші мегаполисіндегі эпидемиологиялық ахуалды оңтайландыру жолында Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов күшейтілген жұмыс режимінде жұмыс істеп жатыр.

Ал маусым айының соңында Шымкентте жұқпалы аурулар саны күрт өсті. Яғни, пневмониямен ауырған науқастар саны 5,8 есеге артты. Ал ЖРВИ-мен ауырғандар саны 2 есеге өсті. Осыған байланысты жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалатындар 5 есеге көбейген. Орта есеппен 1 күнде 2100-дей шақырту түсе бастаған. Шымкентте жұқпалы аурулар емделетін орын жеткілікті. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы айтты.

"Қазіргі таңда Шымкент қаласында науқастарды емдеу үшін 2870 төсек-орын бар. Оның 650-і жұқпалы ауруханаларға, 2220-сы провизорлы орынға арналған. Жалпы, олардың 447-сі бос. Маусым айының соңында Шымкент қаласында жұқпалы аурумен ауырғандар күрт өсті",– деді Еркеғали Әлімқұлов.

Аппарат басшысының айтуынша, Бұл шақыртуларға дер кезінде қызмет көрсету үшін қала әкімі арнайы тапсырма берген. Осы тапсырмаға сәйкес қалада провизорлы орындар мен күндізгі стационарлар көптеп ашылып жатыр екен.

"Бүгінде Самал-3 шағынауданындағы жаңа мектептен 400 орындық провизорлы орын, Политехникалық колледжден 150 орын ашылды. Ал аптаның соңына дейін 400 орынға жеткізіледі. Сондай-ақ, бүгін Жеңіл атлетикалық спорт кешенінен 150 орын дайындалды және 1 шілде күні ол 450 орынға жетеді. Мұнда барлық медициналық құрал-жабдықтар қамтылған. Қазіргі уақытта қалада жұқпалы ауруға шалдыққан науқастарға орын жеткілікті. Осы ретте дайындалған провизорлы орындар бойынша дәрігерлер науқастарға жедел көмек көрсетеді деген сенімдеміз", – деді Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Амантайұлы.

Еске сала кетсек, Шымкенттегі спорт кешенде 450 орындық провизорлық стационар ашылғаны туралы жазған едік. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес, Шымкенттегі жеңіл атлетика спорт кешенінен қосымша күндізгі стационар дайындалып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1862675-orynbasarlary-auyryp-kalgan-symkent-kimi-zalgyz-zmys-istep-zr/

pixel