Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өліп қалсам да, келмеңдер": Белгілі журналист жанұясына қандай шектеу қойғанын айтты

Опубликовано:

Танымал журналист Айдос Жұқанұлы екіжақты пневмонияға шалдыққан анасына қандай шектеу қойғанын айтты. Ол жақындарына той-томалаққа баруға тыйым салған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Өліп қалсам да, келмеңдер": Белгілі журналист жанұясына қандай шектеу қойғанын айтты
Фото: Facebook/ Айдос Жұқанұлы: Instagram

Жұқанұлы анасының қазіргі халі жайлы өз Facebook парақшасында жазды.

"Анамның ақ көңіліне таңғалып отырмын. Ауыра бастаған соң қарындасым қояр да қоймай, ауылдан аудан орталығы Ұзынағашқа ауруханаға тексертуге алып барған ғой. Дәрігер "Екі жақты пневмония" деп диагноз қояды. Қарындасым тамыр-танысын салып, ауруханаға жатқызуға орын табады.

Сондағы мамамның айтқаны: Өлгелі жатқан кемпірді қайтесіңдер! Орын жетпей жатыр екен ғой. Жастар жатсын. Бізді қойшы!

Сөйтеді де, ауылға қайтып кетеді. Қазір үйде емделіп жатқанына бірнеше күн. Бір дәрілерді Алматының дәріханаларын аралап жүріп әрең тауып апарып бердік. "Мені тыңдап, үйден шықпай жатқаныңызға үш ай болды. Қайдан жұқтырып жүрсіз?" деп сұрасам, келінімізді құдалар қоржын салуға алып кеткен екен. Бірнеше күннен соң қайтып келген соң ыстығы көтерілген. Иіс, дәм сезбей қалыпты. Мұны естіген мен ашуланып, "дистанционный диктаторға" айналдым",- дейді ол.

Осылайша, журналист жақындарына қатаң шектеулер қойған.

"Үйден бір қадам аттап басушы болмаңдар. Балалар тапжылмай отырсын. Дүкенге үлкендер барса, масканы үнемі тағып жүрсін. Қайтып келгенде, антисептикпен сырттан тазаланып кірсін. Үйге кірген соң сеуіп жату дұрыс емес. Өлім-жітім, той-томалаққа барушы болмаңдар! Телефонмен көңіл айтып, телефонмен құттықтаңдар. Мен өліп қалсам да, астанаға келуші болмаңдар!" деген бұйрық шығардым.

Содан енді мамам мен келіннің жазылып кетуін құдайдан тілеп отырмын. Аман болайық, аман болу үшін сақ болайық!",- деді Жұқанұлы.

Айта кетейік, өткен тәулікте тағы 492 адамнан коронавирус анықталған. Осылайша, Қазақстанда COVID-19-бен ауырғандар саны 21819-ға жетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1862804-lip-kalsam-da-kelmeder-belgili-zurnalist-zanasyna-kandaj-sekteu-kojganyn-ajtty/

pixel