Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жаман дерттің қаупі сейілер емес": Бас мүфти Смановтар отбасына көңіл айтты

Опубликовано:

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы "Сарыағаш" медресе-колледжінің директоры Әбдіғаппар Шәкірұлының қайтыс болуына байланысты Смановтар отбасына көңіл айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы muftyat.kz сайтына сілтеме жасап.

Фото: muftyat.kz, kazislam.kz
Фото: muftyat.kz, kazislam.kz: Instagram

"Әлемді шарпыған жұқпалы дерт жас пен жасамыстың өміріне қауіп төндіруде. Көптеген отбасы қайғы жұтып, қара жамылуда. Жаман дерттің қаупі сейілер емес.

"Сарыағаш" медресе-колледжінің директоры, белгілі дін жанашыры, бауырымыз Әбдіғаппар Смановтың қазасы туралы қаралы хабарды ауыр күйзеліспен қабылдадым. Бұл барша дін қызметкері мен жамағатқа ауыр тиген қайғылы хабар болды. Өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұжымы атынан Смановтар отбасына қайғыларыңызға ортақтаса отырып көңіл айтамын.

Әбдіғаппар Шәкірұлының иманы өзіне серік болып, асыл дінімізді өркендету жолындағы әрбір амалы өзіне шапағат болғай. Марқұмның шәкірт тәрбиелеу, уағыз-насихат жүргізу, діни ағарту сынды ізгі істері сауабы үздіксіз жалғасатын амалдардың қатарында жазылғай.

Алла Тағала Әбдіғаппар Шәкірұлын рақымына бөлеп, жәннатын нәсіп еткей. Артында қалған ағайын-жұрты мен отбасына Алладан көркем сабыр тілеймін.

"Тас түскен жеріне ауыр" десе де бұл қайғылы хабар баршамызға ауыр тиді. Жаратқан Жаббар Иеміз алдынан жарылқап, нығметке бөленген құлдарының қатарына қоссын деп дұға етеміз. Алды пейіш болғай.

Алла Тағала еліміз бен жерімізді жұқпалы дерттен аман етіп, осынау сынақты сәтті көркем сабырмен жеңетін күнді жақын еткей. Әмин", - делінген жеделхаттың мәтінінде.

Еске сала кетсек, осыған дейін Әбдіғаппар Смановтың 50 жасында дүниеден озғанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1862978-zaman-dertti-kaupi-sejiler-emes-bas-mfti-smanovtar-otbasyna-kil-ajtty/

pixel