RU

Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасымен қалай танысқанын айтып берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасымен қалай танысқанын айтып берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Егемен Қазақстан" басылымына сілтеме жасап жазады.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда: Depositphotos

Тоқаев тұңғыш президентті 35 жыл бұрын көрген.

"Менің Елбасын алғаш көр­геніме де 35 жылдың жүзі болып­ты. Нұрсұлтан Әбішұлы 1985 жыл­дың қыркүйегінде Қазақ КСР Ми­нистрлер Кеңесінің Төрағасы кезінде Қытайға келген еді. Ол кезде елшілікте жұмыс істейтінмін. Сон­да үкімет басшысының қы­тай­лық­тар­мен келіссөздер барысында бай­қалған мол біліміне, тоталитаризм тұсын­да қа­лып­тасқан жайлар жөніндегі батыл ойларына, сөзінің жүйелілігіне бәрі­міз қатты разы болғанбыз.

Елшілік қызмет­керлерімен бас-аяғы екі жарым сағатқа созылған бейресми әңгімеден кейін бас қос­қанымызда мен әріптестеріме қарап: "Те­гінде, біз Қазақстанның болашақ бас­шы­сымен сөйлескен шығармыз" дедім. Арада бес жыл өткенде Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің бас­­шы­лығына келді.

Қазақстанның тұңғыш прези­дентінің тәуелсіздік таңындағы алғашқы кадрлық шешімдерінің бірі менің де тағдырымды ай­қын­дап берді. "Беласу" атты кіта­бымда: "Бұл үлкен жүректі адам менің қабілетіме сенді, сенді де оны өзім туып-өскен Қазақ­стан игі­лігі үшін аямай жұмсауыма жол ашты" деп жазған болатынмын", - дейді президент.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хат­­шы­­сының орынбасары бол­ған жылдарында Тоқаев әлемге әйгілі саясат­кер­лердің Нұрсұлтан Назарбаевқа биік ба­ға берген сөздерін талай есті­­ген.

"Халқымыз үшін мерей­лен­дім. Елдің президентіне ғана емес, емірен­ген етене перзентіне айнала білген Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев қара­пайым еңбек адам­дарының отбасында дүниеге келді, қазақ мектебінде білім алды, еңбек жолының бастауында шойын қоры­тып шыңдалды. Өзі туып-өс­кен Алатаудың асқақ шың­дарын­дай асқаралы арманына ерте қол созды. Жастайынан жұрттың жа­йын ойлады, өзі де домбыра шер­тіп, халық мұрасын жақсы білген­діктен, зиялы қауымға жақын болды.

Ұйымдастырушылық қабі­леті мен еңбекке деген ерен сүйіс­пен­шілігі жас жетекшіні басқару жүйесінің ең биік шыңына алып келді. 1989 жылы маусым айында ол Қазақстан Компартиясы Орталық Коми­тетінің бірінші хат­шысы болды, ал 1990 жылы сәуір айында Жоғарғы Кеңес оны Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті етіп сайлады. Осылайша, сол кез­дегі әлемдік геосаясаттағы ең ықпалды елдің бірі саналатын КСРО көлеміндегі ең жас әрі ықпалды басшы ретінде көзге түсті",- деп баяндады мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев кә­нігі саясаткер ретінде алып елдің кетеуі кетіп, ша­ңырағы шай­қа­лып тұрғанын жақсы сезінді дейді перзидент. Сон­дықтан да сол сындарлы шақ­та Одақ басшылары ортасында жүріп жатқан ойыннан тыс болып, интеграциялық үрдіс­тердің жақтаушысы ретінде көрінген.

"Бұл ұстанымы қаһарлы елдің қабырғасы сө­гілген кезде ТМД ұйы­мын құруға негіз болды. Жа­ңа мемлекеттердің құрылуына байла­нысты "югославиялық сце­­нарийдің" болғанын ескерсек, бұл шын мәнінде ықти­мал қантөгістің алдын алған сарабдал шешім болатын.

Тәуелсіздік алған Қазақ­станның алдында тағдыршешті таңдау тұрды. Жас мемлекет әлемдік геосаясаттағы орнын анық­тап алуға тиіс еді. Бұл туралы Елбасы былай деп еске алады: "Қазақстан қандай ел болады? Азия мен Еуропаның арасына көпір бола ма? Немесе "Солтүстік – Оңтүстік" осіне айнала ма?

Мемлекет басшысы жүргізген қай­та құрулардың маңызы мен тарихи ауқымын түсіну үшін сол кездегі ел­дің ахуалын көз алдымызға елестетіп көр­сек те жеткілікті. Кеңестік қоғамнан тә­уелсіз Қазақ еліне тұралаған экономика, тоқтаған кәсіпорындар мен ауыл шаруа­шылығы, кедей­шілік, жұмыссыздық мә­селелері "мұраға" қалған-ды. Мұның бәрі әлеуметтік қысымды күшейте түсті, кез келген уақытта ел ішін­де тұрақсыздық белең алуы әбден мүмкін болатын. Сондай-ақ сол кездегі көптеген саясаткерлер мен сарапшылар еліміздің болашағына үл­кен күмәнмен қарағаны да шындық.

Олардың пайымынша, Қазақстандағы эко­номикалық, демографиялық қиын­дықтар мен шекараның заңды түрде бе­кітілмеуі елдің шынайы тәуелсіздігіне нұқ­сан келтіреді-міс. Алайда тұңғыш президенттің парасатпен жүргізген пәр­­менді саясаты әлгіндей сенімсіздік та­ныт­­қан тұжырымдардың тас-талқанын шығарды. Бір ғана шекара белдеуін шегендеп берудің өзі қаншама қажыр-қайратты қажет етті десеңізші", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1863066-kasym-zomart-tokaev-elbasymen-kalaj-tanyskanyn-ajtyp-berdi.html