RU

Ауада белгісіз зат шашқан тікұшақтар елдің зәресін ұшырды (видео)

Ауада белгісіз зат шашқан тікұшақтар қазақстандықтардың зәресін ұшырды. Куәгерлер кадрларды видеоға түсіріп, желіге жүктеген деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Ауада белгісіз зат шашқан тікұшақтар елдің зәресін ұшырды (видео)
Көрнекі фото: pexels.com: UGC

Кадрлардан тікұшақтың белгісіз зат сепкенін байқауға болады. Алдын ала болжам бойынша, олар Шымкент және Маңғыстау облысында ұшқан деп мәлімдейді "Астана" телеарнасы.

Қатты үрейленген қазақстандықтардың бір бөлігі тікұшақтар өсімдіктерге дезинсекция (жәндіктердер өңдеу) жасады десе, енді бірі бұл дезинфекция (микробтардан өңдеу) болуы мүмкін деп болжады. Ал үшіншілері қалада вирус таратып жүр деген шешімге келді.

Аталған жағдайға қатысты елдің Қорғаныс министрлігі пікір білдірді.

Ведомство тікұшақтардың ешқандай зиянды заттар мен вирус таратпағанын хабарлады. Одан бөлек, бұл ұшу аппараттары жәндіктерді улауға арналмаған.

Қорғаныс министрлігінде күнделікті оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді. Белгісіз зат шын мәнінде өрт сөндіруге арналған су болып шықты.

Айта кетейік, осыған дейін әлеуметтік желіде "Сарыағаш ауданында түстен кейін вирус себіледі екен, балаларды далаға шығармаңыздар" деген ақпарат тараған еді. Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, бұл ақпарат жалған әрі шындыққа жанаспайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1863232-auada-belgisiz-zat-saskan-tiksaktar-eldi-zresin-syrdy-video.html