RU

Елімізде бір айда пневмониядан 600-ден аса адам көз жұмған

Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында Қазақстанда маусым айында 628 адам пневмониядан көз жұмғанын мәлім етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: UGC

Оның айтуынша, 2019 жылдың жарты жылы мен 2020 жылдың жартыжылдығының қорытындысы бойынша, пневмониядан қайтыс болғандардың саны аса көбейген жоқ.

"2019 жылдың алғашқы жартыжылдығында өлім-жітімнің - 1780, ал 2020 жылдың алғашқы жарты жылының қорытындысы бойынша - 1772 жағдайы тіркелді. Ал осы жылдың маусым айында пневмониядан қайтыс болғандардың саны 628-ге жетті. Пневмониямен ауыру жағдайына келсек, биылғы алты айда 55 пайыздық өсім байқалады. Ал маусымда бұл көрсеткіш тіпті төрт есе өскен", - деді Айжан Есмағамбетова.

Бас мемлекеттік санитар дәрігері қазір бұл жағдайға қатысты Денсаулық сақтау министрлігі зерттеу жұмыстарын жүргізе бастағанын айтып өтті.

Соңғы деректер бойынша Қазақстанда қауіпті дертті жұқтырғандар саны 44 мыңнан асты. Оның ішінде 14777 пациент емделіп шықса, 188 адам қайтыс болды.

Еске сала кетейік, премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру шаралары қаралды.

Соған сәйкес, Қазақстанда 5 шілдеден бастап 14 күнге шектеу шаралары енгізілетіні белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1863302-kazakstanda-bir-ajda-pnevmoniadan-600-den-asa-adam-kz-zmgan.html