RU

Мемлекет басшысы бірқатар заңға қол қойды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін бірнеше заңға қол қойды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

njrftd
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда/архив: Depositphotos

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шетел валютасындағы ипотекалық қарыздар, көрсетілетін төлем қызметтері нарығының субъектілерін реттеуді жетілдіру, жалпыға бірдей декларациялау және экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған.

Sputnik Қазақстан агенттігінің жазуынша, бұл заңға сәйкес, банктерге жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздарын конвертациялау құқығы беріледі. Конвертация 2015 жылдың 18 тамызындағы бағам бойынша қарыз алушының өтінішінсіз жасалуы мүмкін. 

Бұдан бөлек, енгізілген толықтырулар елден капиталдың шығарылуы тәуекелін азайтуды қарастырады.

Қолданушыларды сәйкестендіруге қатысты жаңа талаптар енгізіледі. Анонимді электронды әмияндар арасында аударым жасауға тыйым салынады. Операция сомасының мөлшеріне шектеу қойылады.

Өзгертулер қолма-қол ақша айналымының ашық болуына және төлем қызметін қолданушылар құқығын қорғауды күшейтуге жағдай жасайтыны айтылып отыр.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудиторлық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1863415-memleket-bassysy-birkatar-zaga-kol-kojdy.html