RU

Банк қызметкері клиенттің несиеге алған ақшасын жымқырған

Түркістан облысының полицейлері тұрғынның атынан артығымен несие шығарып, алаяқтық жасаған банк қызметкерін анықтады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов: Original

Түркістан обылсы Түлкібас ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйел өз арызында банктердің біріне бір миллион теңге несие алуға барғанын, банк келісімін беріп, қызметкер аталған несиені шығарып бергенін айтады.

Алайда, арада 1 жылға жуық уақыт өткеннен кейін ол банк қызметкерінің сол кезде заңсыз әрекет жасап, мұның атынан 1,5 миллион несие шығарып, 500 000 теңгесін алаяқтық жолмен жымқырғанын білген. Сөйтіп полицейлерден көмек сұраған. Аталған жайт ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.

​​​Орын алған алаяқтық қылмысты тез арада ашып, күдіктіні құрықтау мақсатында ауданның қырағы полицейлерінен арнайы топ құрылып, жұмыс жүргізді. Нәтижесінде күдіктінің жылдың басында осындай алаяқтық жасап ұсталып, жәбірленушілердің кешірім беруімен ісі қысқартылғаны анықтады. Ол Түлкібас АПБ-ға жеткізілді. Кінәсін толық мойындап отыр.

​​​​Тергеу барысында күдіктінің қазіргі таңда банкте жұмыс істемейтіні белгілі болды. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары күдіктінің тағы осындай алаяқтықтың жайттарына қатыстылығын анықтап, тексеру жүргізіп жатыр.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға кез-келген құжатқа қол қоймас алдын жақсылап қарап, мұқият зерттеп барып әрекет жасауға кеңес береді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы облысында мемлекетке 28 миллион теңге қарызы бар адамның ұсталғанын жазғанбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1863590-bank-kyzmetkeri-klientti-nesiege-algan-aksasyn-symkyrgan.html