RU

Алматыда коронавируспен ауырғандарға қосымша 500 төсек-орын ашылады

Бүгін онлайн-брифинг барсында оңтүстік астананың әкімі Бақытжан Сағынтаев қаладағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов: Original

Ол қалада коронавирустың таралуына жол бермеу үшін барлық бағытта белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Осылайша, амбулаториялық деңгейде "виртуалды инфекциялық аурухана" іске қосылған. Тәулік бойы амбулаториялық негізде COVID-19 науқастарын, сондай-ақ қауіпті топқа жататын пациенттерді емдеу шараларын бақылау және түзету бойынша Науқастарды бақылау орталығы жұмысын бастады. Бұл шаралар ауыр науқастарды, әсіресе қарттарды бақылауға мүмкіндік береді.

"Эпидемиямен күрестегі өзекті мәселе – резервтік төсек-орын қорын дайындау, бұл барлық науқастардың ем алуына мүмкіндік береді", – деді Сағынтаев.

Бүгінде қалада коронавируспен күресу үшін 4232 төсек-орынға арналған 19 стационар қызмет етеді. Сондай-ақ психикалық сауықтыру орталығы базасында – 150 орын, урология ғылыми орталығының базасында – 150 орын және Halyk Arena базасында 200 орын ашу жоспарлануда. Halyk Arena базасындағы стационардың сыйымдылығын кезең-кезеңмен 1000 адамға дейін ұлғайту көзделіп отырғанын айта кету керек.

Осылайша, Алматыда осы аптаның аяғына дейін қосымша 500 төсек-орын ашылмақ.

Айта кетейік, бұған дейін Грузиядан Қазақстанға өкпені жасанды желдетуге арналған 10 аппарат жеткізілгенін хабарлағанбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1863628-almatyda-koronaviruspen-auyrgandarga-kosymsa-500-tsek-oryn-asylady.html