RU

"Жалған рецепттер көп": Министр үйде COVID-19-дан емделіп жүргендерге кеңес берді

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой үйде коронавирустан емделіп жүрген азаматтарға кеңес берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

"Жалған рецепттер көп": Министр коронавирустан емделіп жүргендерге кеңес берді
Көрнекі фото: hightech.fm: Instagram
"Бүгінде әлеуметтік желілерде жалған рецепттер көп. Біздің азаматтарымыз соған имандай сенеді де, ауруханада қабылдайтын дәрілерді үйде отырып ішеді. Ал ондай препараттарды дәрігерлер қадағалап жүруі тиіс. Себебі, ондай дәрілердің әсері қатты, ауруды асқындырып жіберуі мүмкін. Ондайда адамның жағдайы нашарлап кетеді", - деді Цой бүгінгі онлайн брифингте.

Министрдің айтуынша, ауру белгілері байқалмайтын науқастар жиі қателік жасайды. Олар ПТР-тесттің оң нәтижесін алғаннан кейін дүрбелеңге салынады. Коронавирустың анық симптомдары болмаса да, антибиотиктерді қабылдай бастайды.

"Ондай науқастар психологиялық үрейге салынады да, антибиотиктің бірнеше түрін ішеді. Дене қызуы болмаса да, температураға қарсы дәрі қабылдайды. Дәруменді артығымен ішеді. Олай істеуге болмайды. Аурудың нақты симптомдары болса ғана дәрі ішу керек. Регламент бар. Сонда амбулаториялық деңгейде, яғни үйде қандай дәрі ішуге болатыны жазылған", - деп атап өтті Цой.

Министрдің сөзіне қарағанда, кейбір адамдар сәл жөтел пайда болса, "Алувия" сияқты препараттарды интернеттен іздей бастайды. Сөйтіп, заңсыз дәріні тауып, үйде ішеді. Ал ондай препарат басқа органдарға салмақ түсіреді. Оны бақыламаса, адамның денсаулығы, керісінше, нашарлап кетеді. 

"Осы іспетті дәріні қабылдағанда қанды және тағы басқа симптомдарды қатаң бақылап отыру қажет. Әйтпесе, бүйрекке, бауырға салмақ түсіп, жағдай одан да нашарлап кетуі әбден мүмкін", - дейді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Министр әлеуметтік желідегі сан алуан ақыл-кеңестерден бұрын ресми ақпаратқа көбірек мән беру қажеттігін жеткізді.

"Қазіргі кезде біз қарапайым жадынамаларды әзірлеп қойдық. Бұдан бөлек, емдеу схемалары да біздің ресми сайтымызда жарияланады. Сонда емдеу шараларына қатысты нақты ақпарат болады", - деді Цой.

Естеріңізге сала кетейік, Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифинг барысында аймақтардағы қазақстандық дәрігерлердің қудалануына қатысты пікір білдірді. Министр мұндай фактілер барын мойындап, дәрігерлерді қорғауға ниетті екенін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1863763-zalgan-receptter-kp-ministr-jde-covid-19-dan-emdelip-zrgenderge-kees-berdi.html