RU

"Күніне 200-300 адам" Нұр-Сұлтанда пневмониямен ауыратындар саны екі есеге артқан

Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн-брифинг кезінде Нұр-Сұлтан денсаулық сақтау басқармасының басшысы жаздың алғашқы айында елордада пневмониямен ауыратындар саны өткен жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге артқанын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Нұр-Сұлтанда пневмониямен ауыратындар саны екі есеге артты
Көрнекі фото: pexels.com: UGC
"Маусым айында пневмониямен ауыратындар саны 2019 жылғы маусымдағы 1700 жағдаймен салыстырғанда 2,2 есе артық. Күніне 200-300 адам ауруханаға жатқызылады", – дейді басқарма басшысы Сәуле Қисықова.

Науқастардың тағы бір бөлігі пневмониядан үйде емделіп жатыр. Мұндай науқастар саны күн сайын 50-60 адамға артуда.

Брифингке қатысқан Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов коронавирус жұқтырған астаналықтар арасында 1200-ден астам пациентте пневмония асқынуы бар екенін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы әкімі пневмониямен ауыратындар санының күрт өскенін мәлімдеген болатын. Тыныс алу мүшелері ауруынан қайтыс болғандардың саны өткен жылмен салыстырғанда 70% -ға өскен.

Сонымен қатар Ақтөбеде 3 күн ішінде пневмониядан жансақтау бөлімінде жатқан 25 науқас қайтыс болған. Вирустың кесірінен олардың өкпелеріне зақым келіпті. Ауру тыныс алу мүшелерінде қанның ұйыуына әкеп соқтырған. Салдарынан науқастар көз жұмған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1863814-knine-200-300-adam-nr-sltanda-pnevmoniamen-auyratyndar-sany-eki-esege-artkan.html