RU

Дәрі-дәрмекті қымбат немесе заңсыз сататындарға қандай жаза беріледі

Ішкі істер вице-министрі Алексей Калайчиди дәрі-дәрмекті қымбатқа немесе заңсыз сататындарға қандай жаза берілетінін айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: Depositphotos

ІІМ вице-министрінің сөзінше, дәрі-дәрмекті қымбатқа сататындар Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі кодекстің 426-бабы бойынша жауапқа тартылады.

"Бұл бап бойынша жеке адамдарға 70 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік нысандарға 1 000 АЕК айыппұл салынады", - деді Алексей Калайчиди ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша министрлік қазіргі таңда мүлікті тәркілеуге, тіпті лицензияны қайтарып алуға дейінгі шараларды қарастырып жатыр.

"Бір күннің ішінде бізде 426-бап бойынша екі әкімшілік іс қозғалды", - дейді Алексей Калайчиди.

Айта кетейік, бұған дейін оңтүстік астананың құқық қорғаушылары кезекті заңсыз дәрі-дәрмек саудасының жолын кескенін хабарлаған едік.

Тәртіп сақшылары дәрілік заттарды заңсыз сатуға тырысқан алыпсатарды ұстаған.

Ұсталған әйел адамнан соңғы күндері дәріханаларда жетіспей жатқан вирусқа қарсы препараттардың жүздеген қаптамасы тәркіленді. Атап айтқанда, "Гроприносин" дәрісінің жүз қорабы, "Анаферонның" 167 бумасы, сондай-ақ "Ингавириннің" жеті қаптамасы анықталды.

Полиция департаментінің мәліметінше, алыпсатар дәрі-дәрмектерді бірнеше есе жоғары бағамен қайта сатып, пайда табуды көздеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1863840-dri-drmekti-kymbat-nemese-zasyz-satatyndarga-kandaj-zaza-beriledi.html