RU

Отандасымыз АҚШ-та қазақ тіліндегі радиостанцияның тұсауын кеспек

Жақын күндері АҚШ-та қазақ тіліндегі радиостанция өз жұмысын бастамақ. Аталған жобаның жетекшісі Алматы қаласының тумасы. Данияр Қожан есімді отандасымыздың басты мақсаты – туған елінің тарихын, музыкасын және әйгілі тұлғаларын жаһан жұртшылығына дәріптеу. Бұл туралы Даниярдың өзі KAZ.NUR.KZ порталына айтып берді.

Фото: Данияр Қожанның жеке мұрағаты
Фото: Данияр Қожанның жеке мұрағаты: Instagram
"АҚШ-тағы радиохабарда тек қазақ тілінде сөйлеп, қазақ әндерін қойып, қазақстандық танымал тұлғалармен тікелей эфир ұйымдастырамыз. Әзірге атауын "Азия дауысы" деп қойдық. Алғашқы эфирін Қыдырәлі Болмановпен бастасақ деп отырмыз. Қазіргі таңда радиостанцияның 80 пайызы дайын тұр. Алдағы күндері тұсауын кесуді жоспарлап отырмыз. Идеяның авторы өзім. Өзім бұрыннан қызықты жобаларды ұйымдастыруды ұнатамын", - дейді Данияр Қожан.

Бүгінде Американың Нью-Йорк қаласында тұратын қазақ жігіті аталған штаттағы танымал адвокаттар кеңсесінде pr-менеджері қызметін атқарады. Алғашқы қадамын Қазақстанда бастаған Данияр, Қыдырәлі Болмановпен жұмыс істеп, кейін "Музарт" тобының Мәскеу, Санкт-Петербург, Стамбулдағы концерттік турын өткізген. Сондай-ақ, еліміздегі спорттық шараларды ұйымдастырып, әлем чемпионы Хабиб Нурмагомедовтың Қазақстандағы ресми менеджері ретінде бекітілген.

Фото: Данияр Қожанның жеке мұрағаты
Фото: Данияр Қожанның жеке мұрағаты: Instagram
"Мен ALASH PRIDE клубында pr-менеджер болып жұмыс істеп жүріп Хабибтің әкесі Абдулманап Нурмагомедовпен таныстым. Марқұм өте жақсы кісі еді. Кейін сол кісі мені Хабибпен таныстырды. Содан кейін Абдулманап аға маған Хабиб Нурмагомедовтың Қазақстандағы өкілі бол деген ұсыныс тастады. Содан бастап Хабибтің Қазақстандағы өкілі болып екі жылдай жұмыс істедім. Мәскеуде кездестік, Америкадағы "АКА" залында жолықтық", - дейді танымал pr-менеджер.

Әр салада тынбай тер төккен қазақ жігіті қазіргі таңда АҚШ-та кәсібін дөңгелетіп жүр. Даниярдың сөзінше, шет елде Қазақстан халқының танымалдылығы едәуір артқан көрінеді.

"Менің жұмысым қала аралап, мемлекет аралап басталғаннан кейін, мен саяхаттауды ұнатамын. Адамдардың көзі ашық болу үшін көп сапарға шығу керек. Мен біраз мәдениеттерді көрдім. Біздің Қазақстан да дамып жатыр ғой. Бүкіл ел Қазақстаннан екенімді айтсам танып жатыр. Димаш Құдайберген, Геннадий Головкинді атайды. Біз де Қазақстанның атын таныту үшін еңбек етіп жүрміз", - дейді АҚШ-тағы қазақ жігіті.
Фото: Данияр Қожанның жеке мұрағаты
Фото: Данияр Қожанның жеке мұрағаты: Instagram

Сондай-ақ, шет елде жүрген қазақстандықтар жиі жүздеседі екен. Америкада танысқан жерлестердің қолдары қалт етсе табиғат аясында серуендейді. Данияр Қожанмен тығыз қарым-қатынас орнатқан отандасымыздың бірі – АҚШ-тағы қазақ полицейі.

"Америкадағы қазақ бауырлармен араласып тұрамыз. Димаш Ниязов деген боксшы бауырымыз полиция қызметкері болып жұмыс істейді. Кеше ғана қазақстандық бауырларымызбен жиналып тауға барып келдік. Қазақстаннан шыққан өзбектер, қырғыздар, қазақтар жақсы араласамыз. Американың да, Қазақстанның да табиғаты керемет. Бірақ Американың жолдары жақсы. Кез келген жерге көлікпен жетуге ыңғайлы. Мен өзім көлікпен сапарға шыққанды жақсы көремін", - дейді Нью-Йорктағы жерлесіміз.

Америкадағы отандасымыздың айтуынша, Нью-Йорк қаласында қазақ тіліндегі радиохабарды тыңдайтын халық саны орта есеппен 15 мыңнан асады. Алдағы уақытта шығармашылық топ аталған аудиторияны ұлғайтуды көздеп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1863894-otandasymyz-aks-ta-kazak-tilindegi-radiostanciany-tsauyn-kespek.html