Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Көз алдымда адамдар өліп кетіп жатыр": Коронавирус жұқтырған танымал асаба жанайқайын жеткізді

Опубликовано:

Танымал қазақстандық шоумен Руслан Ысқақов елге үндеу жолдады. Коронавирус инфекциясын жұқтырып, ауруханадан бір-ақ шыққан өнер адамы ондағы өмір мен өлім арасындағы арпалысты көріп, көп ой түйгенін жеткізді. KAZ.NUR.KZ порталына инфекциялық аурухана палатасынан сұхбат берген ол ауруханада тіпті қарапайым "аскорбин қышқылы" да жоқ екенін айтып, күйінді.

Фото: Instagram/iskakov_showman.
Фото: Instagram/iskakov_showman.: Instagram

Русланның айтуынша, ауырғанына шамамен он күн болған. Қазіргі таңда оның коронавирус жұқтырғаны белгілі, салдарынан өкпесі қабынып, пневмония диагнозы қойылған. Бастапқыда ауыр халде ауруханаға жеткізілген ол алғашқы бес күн қатты қиналғанын айтты.

"24 сағат бойы жасанды оттегінің көмегімен ғана дем алып жаттым. Ауырғаныма 10 күндей болды. Ауруханаға түскеннен бастап 5 күндей ауыр халде жаттым. Тіпті жансақтау бөліміне алып кете жаздады. Өкпе қысылып, тыныс алуым қиындап, жөтел күшейіп, қызуым 38-40 градустан түспей қойды", - дейді тамада.

Қазіргі таңда шоуменнің жағдайы біршама жақсарған. Алайда Руслан ауруханадағы дәрілердің тапшылығы туралы айтып, өзінің жанайқайын жеткізді. Оның сөзінше, осы уақыттың ішінде оның еміне 500 мыңға жуық қаражат кеткен. Ауруханада тіпті қарапайым "аскорбин қышқылы" да болмаған.

"Ең өкініштісі, дәрілер жоқ. Түгел өз дәрілеміммен емделіп жатырмын. Система, дәрі бәрі өзімдікі. Бір флаконы 15 мың теңге тұратын дәрілер, одан соң 9 мың тұратын дәрілерді алып жатырмын. Ал ондай флаконның күніне үшеуі кетеді. Шамамен бір күнге 30 мың теңгеге дәрі алдым.
Қазір санасам 500 мыңға жуық ақшам кетіпті емге. Жарайды, мен алып жатырмын. Бірақ ақшасы жоқ, қарапайым халықты ойлап, уайымдаймын. Мұндай дәрілерді ала алмайтындар не істейді деген ой келеді. Қарапайым аскорбинка да жоқ.
Азитромицин, сумамед деген дәрілердің барлығын өзім алдым. Көз алдымда адамдар өліп кетіп жатыр. Қазір Алматыдағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасында жатырмын. Тамағы барлығы жақсы. Бірақ дәріге келгенде осындай үлкен проблема болып тұр" , - дейді ол.

Сонымен бірге, Руслан қазіргі күні коронавирус дертінің барына әлі де сенбей, той-тойлап, жиындардан қалмай жүрген жұртқа айтары бар екенін жеткізді.

"Құрметті қазақ елі. Коронавирус жоқ деп жар салып, әлі де сенбей, елді адастырып жүрген бауырлар. Бұл өте қауіпті дерттен барынша сақтанайық. Қаншама саңлағымыздан айырылдық. Аз ғана күннің ішінде қазақ қара жамылды. Адамдар кетіп жатыр, кетіп жатыр. Бейқамдығымыздың салдарынан сан соғып қалып отырмыз. Бірақ әлі де кеш емес! Сақтаныңыздар, жақындарымызды сақтайық! Бұл қауіпті дертті жеңу үшін бірігіп әрекет етейік" , - деді Руслан Ысқақов.

Естеріңізге салсақ, бұдан бір айға жуық уақыт бұрын, елдегі ТЖ алынып тасталып, карантиндік шаралар әлсіреген уақытта Руслан Ысқақов бастаған бір топ тамада елдегі карантиндік шараларды әлсіреткен уақытта тойға рұқсат беруді сұрап, үндеу жолдаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1863912-kz-aldymda-adamdar-lip-ketip-zatyr-koronavirus-zktyrgan-tanymal-asaba-zanajkajyn-zetkizdi/

pixel