RU

Коронавирус анықталған Баталов елордадағы ауруханаға ауыстырылды

Бүгін онлайн-брифинг барысында Алматы облысы әкімінің орынбасары коронавирус анықталған өңір басшысы Амандық Баталовтың қазіргі жағдайы туралы айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: Алматы облысының әкімдігі
Фото: Алматы облысының әкімдігі: UGC

Батыржан Байжұмановтың айтуынша, Covid-19 Алматы облысының әкімінен 3 апта бұрын анықталған. Сол уақытта Амандық Баталов емделуді бастапты.

Алайда ентігу мен жүрек жеткіліксіздігінің басталуына байланысты дәрігерлер оны Нұр-Сұлтан қаласындағы кардиологиялық орталыққа ауыстыру туралы шешім қабылдаған.

Байжұманов өңір әкімі қазіргі уақытта сонда ем алып жатқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, Амандық Ғаббасұлының жағдайы жақсарып келеді.

Ол сонымен қатар Батталовтың үнемі спортпен шұғылданатынын, денсаулығы жақсы екенін жеткізді.

Жақын арада Алматы облысының әкімі ауруханадан шығып, қызметін жалғастырады деп күтілуде.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтан коронавирус инфекциясы анықталғаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Бұл туралы өңір басшысының баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазған болатын.

Ол Баталовта ауру белгілері байқалмайтынын, облыс әкімі оқшауланып, жұмысын жалғастыратынын айтқан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1863933-koronavirus-anyktalgan-batalovty-elordadagy-auruhanaga-auystyrgan.html