Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Алғашқы көмек": Белгілі журналист оқу бағдарламасына жаңа пән енгізуді ұсынды

Опубликовано:

Журналист әрі қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы оқушыларға "түкке тұрғысыз пәндерді" оқытқанша, олардың медициналық сауаттылығын арттыру керек екенін айтты. Бұл ойын ол әлеуметтік желі арқылы көпшіліктің алдына жайып салды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Фото: Facebook/Сәуле Әбілдаханқызы
Фото: Facebook/Сәуле Әбілдаханқызы: Instagram
"Алғашқы дәрігерлік көмек" (немесе "Медицина негіздері") деген пәнді балаға мектеп жасынан үйрету керек деген ойымды тағы да қайталаймын.

Мектеп оқушыларын түкке тұрғысыз пәндермен шаршатып, уақытын (өмірін) текке ұрлағанша, оларға қарапайым ғана медициналық сауаттылықты оқытқан әлдеқайда пайдалы екенін түсінген шығарсыздар? Түсінбеген болсаңыздар, мына індет бізге соны ұқтырды деп ойлаймын.

  • "Алғашқы көмек" - бастауыш сыныпта;
  • "Алғашқы медициналық көмек" - орта және жоғары сыныптарда;
  • "Медицина негіздері" - ЖОО алғашқы курстарында оқытылуы тиіс.
Оқу бағдарламасын баланың жасына қарай өте қарапайым алғашқы көмектерден бастап, укол салып, система құюға дейін, витаминдер мен антибиотиктердің ерекшелігі мен қолданылуына дейін әрбір жас, әр адам біліп, меңгеріп шығатын болады.

Мысалы, бастауыш сыныпта қол жуу, жеке гигиенадан бастап, неге сіріңке жағуға болмайды, жаман иіс шықса кімге, қайда қоңырау шалу керек, өрт шықса не істеу керек, жер сілкінсе не істеу керек, қасындағы ересек адам ес-түссіз ұйқыдан оянбаса, не істеу керек, неге дәрі-дәрмек салынған құтыға тиісуге болмайды, неге ваннадағы химиялық заттарды ұстауға болмайды т.б. балаға қауіпті және баланы қорғайтын дүниелерді түсінікті тілмен, көркем безендірумен жеткізу.

  • Ал орта, жоғары сыныптарда, ЖОО (1-2 курс) адам анатомиясынан бастап, қарапайым аурудың түрлері, ерекшеліктері, сақтану жолдары, алдын алу жолдары, қолданатын дәрі-дәрмектердің түрлері мен әсері, қан қысымын өлшеу, көзге, теріге, пульске, дәретке қарап, қандайда бір қарапайым қорытындыларды жасай білу, укол, система салу... профилактика деген не, дезинфекция деген не, кварц деген не, қалай жасайды.... індет деген не, карантин деген не.... қысқасы, алғашқы медициналық жәрдем фельдшерін, медбике (мед.брат) мамандары білуге тиіс дүниенің бәрін әр адам мектептен, ЖОО-нан біліп шығуы керек.

Сонда әр адам өзіне де, өзгеге де көмектесіп, өмірін сақтап қалуға сеп болады.

Мысалы, қара жамбастан өзіңе не өзгеге укол салудың түк қиындығы жоқ. Ал соны көп адам білмейді, қорқады. Немесе, қарапайым ғана бас ауырғанда қан қысымы жоғарылар қандай дәрі ішу керек, ал қан қысымы төмендер қандай дәрі ішу керек? Көбіміз осыны ажырата алмаймыз. Немесе, іш ауырғанда не ішу керек, тіс ауырғанда не көмектеседі?... Немесе қасыңдағы адам эпилепсиядан құлап жатса, не істеу керек? Неге тілін суырып, қасық тістету керек?.. Іш қатудың белгілері мен дер кезінде емделмесе, салдары қандай болады?... Немесе режимнің денсаулыққа әсері, ұйқының пайдасы мен зияны, ұйқысыздықтың салдары...

Бізге алғашқы медициналық сауаттылық өте керек! Сондай бағдарлама баяғыдан болғанда, бүгін көбіміз "запастағы медсестра" боп, талай адам бір-біріне көмектескен болар еді... "ештен кеш жақсы" деген....

Денсаулық - әр адамға керек. Ал дені сау халық - мемлекетке керек", - деді Сәуле Әбілдаханқызы Facebook-тегі парақшасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1864109-algasky-kmek-belgili-zurnalist-oku-bagdarlamasyna-zaa-pn-engizudi-syndy/

pixel