Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тәжікстандық дәрігер қажылыққа жиған ақшасын коронавируспен күреске жұмсады

Опубликовано:

Тәжікстанның оңтүстігінде тұратын дәрігер Шырын Назирмадова көп жылдан бері қажылыққа баруға жинаған ақшасын коронавирус инфекциясымен күресуге жұмсады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы "Азаттық радиосына" сілтеме жасап.

Шырын Назирмадова. Фото: Радио Озоди
Шырын Назирмадова. Фото: Радио Озоди: Depositphotos

Бұған дейін Сауд Арабиясының билігі биыл Мекке мен Мединаға қажылыққа баруға тек санаулы мұсылман азаматтарына рұқсат етілгенін мәлімдеген.

Сауд Арабиясы маусым айында коронавирус індетінің таралуына байланысты шетелден қажылыққа келетіндерге шек қойды. Ел үкіметі биыл 28 шілде мен 2 тамыз аралығына белгіленген қажылыққа Сауд Арабиясының 1 мыңға жуық тұрғыны ғана қатыса алады деп шешкен.

Қажылыққа баратындардың жасы 65-тен аспауы шарт және Мекке мен Мединадағы қасиетті орындарға кіру үшін коронавирусы жоқ деген анықтама қағазы болуы тиіс.

Аталған шектеулерге байланысты, 60 жастағы тәжікстандық Шырын Назирмадова да жоспарын өзгертуге мәжбүр болған. Ол мұсылмандық парызын өтеу үшін жинаған ақшасын енді игі іске жұмсауға шешім қабылдаған екен.

Нақтырақ айтсақ, дәрігер жинаған қаражатын коронавируспен күресте аса қажетті заттарды сатып алу үшін жергілікті Фархор ауданы ауруханасына қайырымдылық көмек ретінде аударған.

Ауылды жердегі аурухана бұл қаржыны қызметкерлерге жеке қорғаныс құралдарын, антисептик пен дәрі-дәрмек алуға жұмсапты.

Сондай-ақ тәжірибелі дәрігер Шырын Назирмадованың коронавируспен күресте алғы шепте жүрген жандардың бірі екенін айта кеткен жөн.

Еске сала кетейік, бұған дейін Сауд Арабиясы билігінің қажылыққа келгендерге Қағбаға қолын тигізуге тыйым салғанын хабарлағанбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1864182-tzikstandyk-driger-kazylykka-zigan-aksasyn-koronaviruspen-kreske-zmsady/

pixel