RU

Пандемия басталғалы 132 түркістандық дәрігер коронавирус жұқтырған

Түркістан облысында 132 дәрігер коронавирус жұқтырған, бесеуі пневмониядан қайтыс болған. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Пандемия басталғалы 132 түркістандық дәрігер вирус жұқтырды
Көрнекі фото: NUR.KZ: Original
"Жалпы облыс бойынша 132 медицина қызметкері індетке шалдықты. Оның 24-і емделіп шықты. Өкінішке қарай, бес дәрігер пневмониядан көз жұмды", – деді Шөкеев онлайн брифингте.

Өңір басшысы қайтыс болған дәрігерлердің отбасына өтемақы төленетінін атап өтті. Облыс әкімі әкімдік тарапынан барлық қолдауды көрсетуге уәде етті.

"Жалпы облысымызда 17 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Олардың қазіргі жұмысы өте қауіпті әрі күрделі. Олар уақытпен санаспай, жеке қауіпсіздігін ойламай, осы індетпен күресіп жатыр. Сол үшін бүкіл ел атынан алғыс айтамыз", – деді облыс әкімі.

Жалпы бүгінде Түркістан облысында коронавирус диагнозы 2 079 адамда расталған. 795 науқас емделіп шықты, он бір адам қайтыс болған.

Ал пневмония шалдыққандар саны бес жарым мыңға жуықтаған. Қырық алты науқас көз жұмған.

Айта кетейік, елімізде өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 1962 адам тіркелген. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 53 021-ге жетіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1864191-pandemia-bastalgaly-132-trkistandyk-driger-koronavirus-zktyrgan.html