RU

Коронавируспен ауырғанда қандай халық емін қолдануға болмайды

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустан емделу кезінде денсаулыққа кері әсер ететін алты әдісті атады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: Instagram

Коронавирус инфекциясымен күресудің бұндай тәсілдеріне сода ингаляциясы, сарымсақ суының таңғажайып әсері және антибиотиктердішамадан тыс қолдану мен басқа да денсаулыққа қауіпті халық емі жатады.

1. Ингаляциялық бу терапиясы

Бұл әдістің тиімділігі ғылыми дәлелденбеген. Сондай-ақ, сода қосылған "ыстық ванна" шырышты қабықты күйдіріп немесе Квинкенің ісінуіне әкелуі ықтимад. Ал содаға аллергия болса, шырышты қабаттың күюі немесе Квинкенің ісіну қаупі де жоғары. Одан бөлек, ингаляция жасауға біршама қарсы көрсетілімдер бар. Мысалы, гипертермия – жоғары дене температурасы, гипертония – жоғары қан қысымы, жүрек-тамыр аурулары немесе бүйрек қызметі бұзылған жағдайда бұл емді қолдану денсаулыққа аса қауіпті.

2. Сарымсақ суын ішу немесе аш қарынға сарымсақ жеу

Асқазан-ішек жолдарында кінәрәті бар адамдарға сарымсақ суын ішуге немесе оны жеуге болмайды. Бұндай суды ішу асқазанды ауыртып, асқазан қыжылы мен бауырдың шаншуына алып келуі ықтимал. Осы табиғи антисептиктің барлық антимикробтық қасиеттеріне қарамастан, оның қауіпті індетпен күресу тиімділігі дәлелденген жоқ.

3. Арақ немесе спирт буымен дезинфекциялау

Алкогольді шамадан тыс мөлшерде тұтыну иммундық жүйені тежейтіні белгілі. Бұл вирустың өршу қаупін арттырып жібереді. Сонымен қатар, жүрек-қан тамырлары аурулары мен бауыр дертінің асқыну қаупін ұлғайтып және емдеуді қиындатады.

4. Шар үрлеу

Өкпеге жасалатын бұндай жаттығу коронавирустың асқынуына әкелуі ықтимал. Бұл тәсіл альвеолаларға әсер етіп, интерстициалды қабыну пайда болады. Осы жағдайда өкпе тініне жаппай зақым келіп, оны осал етеді. Өкпеге түсетін кез-келген жүктеме, мысалы, шарды үрлеу сияқты әрекеттер оны жыртып жіберуі мүмкін. Соның салдарынан тыртық ұзақ уақыт жазылмайды.

Сонымен қатар, кеуде қуысына жылдам қозғалыспен шамадан тыс күш түсіру өкпе жарақатына алып келеді. Пациенттің қақырығына қан араласып, ол қан түкіруге ұласуы ықтимал. Сол секілді альвеолаларды зақымдаумен қатар, тыныс алуды қиындатып, эмфиземаның дамуы мен өкпе фиброзының күшеюіне әкелуі мүмкін. 

5. Хиджама коронавирус инфекциясын өлтіре ме?

Қан алдыру әдісінің тиімділігі де ғылыми негізделмеген. Хиджама медициналық процедураға жатпайды, оны созылмалы жүрек патологиясы, қан жасушаларының төмен концентрациясы, кез келген қан тамырының патологиясы, тіпті психикалық ауытқулар кезінде де жасауға болмайды. 65 жастан асқан адамдар мен балалардың көп қан жоғалту қаупі бар.

6. Антибиотикті неге ішпеу керек?

Соңғы уақытта желіде коронавируспен ауырсаңыз, тез арада антибиотик ішу керек деген ақпарат айтылып жүр. Дәрігерлер екі себепке байланысты антибиотик қабылдамауға кеңес береді.

  • Біріншіден, аурудың симптомсыз және жеңіл түрінде 80% жағдайда организм вирусты өздігінен жеңе алады. Ал температураны төмендету үшін парацетамол немесе ибупрофен ішу керек, дейді мамандар.
  • Екіншіден, антибиотиктерді ұзақ уақыт және жиі қолдану әсерінен бактериялардың дәріге төзімділігі пайда болуы мүмкін. Яғни, кейін антибиотик шын қажет болғанда, ол науқасқа көмектеспейді деген сөз.

Айта кетейік, бұған дейін коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия Қазақстан азаматтарына симптомдары арқылы коронавирус пен аллергияны, тұмау мен суық тиюді ажырататын нұсқаулық ұсынған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1864241-koronaviruspen-auyrganda-kandaj-halyk-emin-koldanuga-bolmajdy.html