RU

Қасым-Жомарт Тоқаев билікке жаңа кадрлар керектігін мәлімдеді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында билікке жаңа кадрлар керек екенін мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда: Instagram
"Қазір сапалы жаңа міндеттерді орындау үшін кадрларды іріктеу барынша маңызды міндетке айналады. Жаңа бағдар білімді, табанды, бастамашыл, іскер әрі адал жаңа орындаушыларды көздейді", - деді мемлекет басшысы.

Осы ретте Тоқаев бүгінгі Үкімет отырысына қатысқандар жоғарыда аталған критерийлерге сай келу-келмеуін ойлауы қажеттігін жеткізді.

"Енді ойланыңыздар: Осы жерде отырған команда аталған критерийлерге сай ма. Үкімет мүшелері, әкімдер өздерінің мүмкіндіктерін парасатты түрде бағалайды деп ойлаймын. Дегенмен, бізде өзін-өзі сынау және мемлекет пайдасы үшін шешім қабылдау қиындау", - деді ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы індетпен күресте тиісті деңгейде жұмыс атқармаған министрліктер мен облыс басшыларын сынға алды. Қасым-Жомарт Тоқаев олардың барлығы да сөгіске лайық екенін басып айтты. Оған қоса, президент үкіметке коронавирусқа қарсы шұғыл шешімдер даярлау үшін бес күндік мерзім берді.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы видеобайланыс арқылы ұйымдастырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1864333-kasym-zomart-tokaev-bilikke-zaa-kadrlar-kerektigin-mlimdedi.html