RU

Алматыда "ЦОН" қызметкерлері жүкті әйелді босандырып алды (фото)

Алматыдағы Жетісу ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында жүкті әйелдің кенеттен толғағы басталды. Келіншекті орталық қызметкерлері босандырып алды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Жүкті әйел ХҚКО-да дүниеге сәби әкелді
Көрнекі фото: KAZ.NUR.KZ: Depositphotos

"Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясының өкілі Мұрат Жұманбай өз парақшасында мұндай ерекше оқиға Алматыдағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының бірінде болғанын жазды.

Құрбысымен кезекте тұрған келіншек кенеттен толғақты сезген.

Мұны халыққа қызмет көрсету орталығы басшысының міндетін атқарушы байқаған және дүрбелең тудырмай, әйелді өз кабинетіне апарып, диванға жатқызыпты.

Жедел жәрдем бригадасы келгенде, әйелді перзентханаға апарудың қажеті жоқ екені белгілі болады - ол халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің қолдауымен сәбиін босанған.
Жүкті әйел ХҚКО-да дүниеге сәби әкелді
Фото: facebook/Murat Zhumanbay: Facebook

Дүниеге дені сау қыз бала келді. Ол әйелдің үшінші баласы екені белгілі болды.

"Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясының өкілі барлық қажетті қызметтерді ғаламтор арқылы алуға мүмкіндік барын, сол үшін ХҚКО филиалдарына барудың қажеті жоқ екенін айтты.

Бұл тез, ыңғайлы және ең бастысы қауіпсіз. Қызметтерді қашықтан алу коронавирус инфекциясының таралу қаупін едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Қазір бұл бүкіл ел үшін маңызды және өзекті.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін коронавирусқа тест тапсырмаған алматылық әйелдің өз үйінде босанғаны туралы жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1864369-almatyda-con-kyzmetkerleri-zkti-jeldi-bosandyryp-aldy-foto.html