RU

Амандық Баталов ауруханадан жазылып шықты

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ауруханадан емделіп шықты деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы аймақ басшысының Instagram-дағы жеке парақшасына сілтеме жасап.

Амандық Баталов ауруханадан жазылып шықты
Фото: instagram.com/amandyk.batalov: UGC

Бүгін, 12 шілдеде аймақ басшысы медициналық мекемеден жазылып шықты. Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында Амандық Баталов медицина қызметкерлеріне және осы қиын кезеңде оған қолдау көрсеткендердің барлығына алғысын білдірді.

"Өз тарапымнан мені қолдап, көңіл білдірген жерлестеріме, достарыма және туған-туыстарыма алғыс білдіремін. Ал, ақ халатты абзал жандарға айтар алғысым ерекше",– деп жазды әкім.

Ол өзінің қызметіне қайта оралатынын айтып, халықпен бірге індетпен күресті жалғастырмақ ойымен бөлісті.

"Бір жеңнен білек шығарып қана осы дерттің бетін қайтара аламыз. Өздеріңізге және жақындарыңызға саулық тілеймін",– деді Баталов.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтан коронавирус инфекциясы анықталғаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Бұл туралы өңір басшысының баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазған болатын.

8 шілде күні ентігу мен жүрек жеткіліксіздігінің басталуына байланысты дәрігерлер әкімді Нұр-Сұлтан қаласындағы кардиологиялық орталыққа ауыстыру туралы шешім қабылдаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1864540-amandyk-batalov-auruhanadan-zazylyp-sykty.html