Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мәулен Әшімбаев: Біз үшін дүниеден озған әр отандасымыздың орны бөлек

Опубликовано:

Парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Жалпыұлттық аза тұту күнінде коронавирус инфекциясынан қаза тапқандардың отбасыларына қайғыра көңіл айтты. Ол дүниеден озған әрбір азаматтың мемлекет үшін орны бөлек екенін жеткізді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Фото: senate.parlam.kz
Фото: senate.parlam.kz: Facebook

Мәулен Әшімбаев қаралы күндердің артта қалып, қайтадан тыныш заман орнайтынына сенім білдірді.

Сенат төрағасы індет құрбандарына арналған жазбасын Facebook парақшасында жариялаған.

"Мемлекет басшысы коронавирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу үшін 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялағаны белгілі. Соған байланысты бүгін барша Қазақстан халқы аза тұтуда.⁣⁣⠀

Өкінішке қарай, пандемия салдарынан көз жұмған жандардың қатарында елдік мұратты ту еткен арыстай азаматтарымыз, зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, өзгенің өмірі үшін соңғы сәтке дейін күресіп өткен дәрігерлеріміз бар. Біз үшін дүниеден озған әр отандасымыздың орны бөлек.⁣⁣

Осыған орай індеттен қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Енді ешқашан мұндай қаралы күн болмасын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!⁣" , - деп жазды ол.

Сонымен қатар, Әшімбаев көпті жақынынан айырған індетті тек күш жұмыла жеңуге болатынын айтты.

"Біз қабылданған шаралардың арқасында пандемияның таралуына тойтарыс беріп, індетті ауыздықтаймыз деп сенеміз.

Қазақ – сан қилы тарихында бұдан да ауыр сынақтардан сүрінбей өткен және талай тар жол, тайғақ кешуден аман қалған халық. Соның бәрінде бекем бірлік пен ырыс-ынтымағымызға табан тіредік.

Қазір де дәл солай ауызбіршілік танытсақ, аурудың әрі қарай асқынуына жол бермейтініміз сөзсіз.⁣⁣ Сондықтан әрқайсымыз жақындарымызға жанашырлық танытып, мамандар анықтап берген талаптарды орындауға ерекше көңіл бөлейік! Әр азаматымыздың амандығы үшін бірге күресейік" , - деп ойымен бөлісті сенат төрағасы.

Айта кетейік, бұған дейін індет құрбандарының туыстарына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айтқан болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1864587-mulen-simbaev-biz-sin-dnieden-ozgan-r-otandasymyzdy-orny-blek/

pixel