RU

COVID пен пневмония: Жамбыл облысына 98 млн теңгеге дәрі-дәрмек жеткізілді

Жамбыл облысында коронавирус пен пневмонияны емдеуге қолданылатын дәрі-дәрмектердің тапшылығы мәселесі шешіліп жатыр. Өңірге 9-11 шілде аралығында 98 млн 383 мың теңгеге дәрі-дәрмек партиясы жеткізілген. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жамбыл облысына 98 млн теңгеге дәрі-дәрмек жеткізілді
Фото: zhambyl.gov.kz: Getty Images

Әкімдік ақпарынша, облыстық денсаулық сақтау басқармасы "СК-Фармация" ЖШС-нің өңірдегі өкілдігімен бірлесіп, жетіспеушілігі туындап отырған дәрі-дәрмектер бойынша өтінім жіберген.

Нәтижесінде, 9-11 шілде аралығында 98 миллион 383 мың теңгеге дәрі-дәрмектердің ауқымды партиясы жеткізілген. Олар пневмония және COVID-19-ды емдеуге арналған.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов атап өткендей, препараттар облыстық ауруханаларға үлестірілген. Қазіргі таңда дәрі-дәрмектер аудандық медициналық мекемелерге жіберіліп жатыр.

Жеткізілген дәрі-дәрмектердің қатарында антибиотиктер (1300 ампула), антикоагулянттар (2585 ампула), витаминдер (45,170 ампула), дексаметазон (1850 ампула) бар.

"Бұдан бөлек, бірер күнде дәрі-дәрмектердің жаңа жеткізілімі күтіліп отырғанын айтқым келеді. Біз 700 миллион теңгеге қосымша өтініш жібердік", - дейді Марат Жұманқұлов.

Оның айтуынша, дәрі-дәрмектер дәріханаларға да жеткізілмек.

"Ірі дәрі-дәрмек жеткізушілерімен тауарларды уақтылы жеткізіп отыру бойынша келісімшарттар жасалған. Мәселен, бүгінде "Әмір және Д" дәріханаларына 100 миллион теңгеден астам қаржыға дәрі-дәрмектер әкелінген", - дейді Жұманқұлов.

Айта кетейік, Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Марина Дурманова онлайн-брифинг кезінде алматылықтарды өз-өзін емдеумен айналыспауға, дәрілерді артығымен сатып алмауға шақырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1864691-covid-pen-pnevmonia-zambyl-oblysyna-98-mln-tegege-dri-drmek-zetkizildi.html