RU

Пандемия: Италиядағы ТЖ режимі 31 қазанға дейін созылуы мүмкін

Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты Италияда енгізілген төтенше жағдай режимі биылғы жылдың 31 қазанына дейін ұзартылуы мүмкін деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Пандемия: Италиядағы ТЖ режимі 31 қазанға дейін созылуы мүмкін
Көрнекі фото: www.belta.by: Getty Images

Қауіпті індетке байланысты ахуалға орай Италия үкіметі төтенше жағдай режимін тағы да созу мәселесін қарастыруда.

Биліктегі дереккөздердің мәліметінше, бұл ұсыныс осы аптада өтеді деп жоспарланған министрлер кабинетінің отырысында талқыланады.

Айта кетерлігі, Италияда өткен жексенбі күні коронавирус жұқтыру дерегі бойынша 234 жаңа жағдай тіркелген. Дүйсенбі күні көрсеткіш сәл төмендеген – 169 науқас.

Пандемия жарияланған уақыттан бастап бүгінгі күнге дейін бұл елде қатерлі вирустан 34 967 адам қайтыс болған. COVID-19 диагнозы барлығы 243 230 адамға қойылыпты.

Бұл көрсеткішке жазылып шыққандар, қайтыс болғандар және ем-домын жалғастырып жатқандар да енгізілген.

Еске сала кетсек, осыған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі коронавирус жағдайына байланысты карантин режимі тағы екі аптаға ұзартылатынын мәлімдеді.

Соңғы деректерге жүгінсек, Қазақстанда COVID-19 вирусы алпыс мыңға жуық адамнан анықталған. Өкінішке қарай, қатерлі індет 375 науқастың өмірін жалмады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1864746-pandemia-italiadagy-tz-rezimi-31-kazanga-dejin-sozyluy-mmkin.html