RU

Комиссия карантинді 2 тамызға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады

Премьер-министр Асқар Мамин үкіметтің отырысында карантинді 20 шілдеден бастап 2 тамызға дейін ұзарту туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы

Көрнекі фото: NUR.KZ
Көрнекі фото: NUR.KZ: UGC

Үкімет басшысы коронавирус індетімен күрес жүргізу үшін құзырлы органдарға бірқатар міндет жүктеді.

"Қатаң карантиндік шаралардың екінші аптасы өтіп жатыр. Вирустың таралуы бойынша жағдай күрделі. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша эпидемиологиялық ахуалды одан ары тұрақтандыру үшін шектеу шараларын тағы екі аптаға, 20 шілдеден бастап 2 тамызға дейін ұзарту туралы шешім қабылдап отырмыз.

Осы ретте барлық қазақстандықтады карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырамын. Бұл шаралар аса маңызды.

Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен, мүдделі мемлекеттік органдармен карантинді одан ары жүзеге асыру үшін барлық шараларды іске асырсын", - деді Мамин.

Еске сала кетсек, кеше мемлекет басшысы елдегі коронавирус жағдайына байланысты карантин режимі тағы екі аптаға ұзартылатынын мәлімдеді.

"Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантин режимі тағы екі аптаға созылып, шілденің соңына дейін жалғасады. Ертең үкіметтік комиссия шешім қабылдайды. Азаматтарымыз денсаулығын сақтау үшін карантиннің негізгі талабы өзін-өзі оқшаулау шарасын қатаң ұстануы қажет", - деп жазды ол.

Одан бөлек, президент шілде айында мұқтаж жандарға 42 500 теңге төленетінін хабарлады.

"Қазір жағдайдың реттеле бастағанының алғашқы нышандары байқалады. Ахуалды толық тұрақтандыру үшін алдағы екі аптаның маңызы зор. Мұқтаж жандарға үкімет шілде айына 42,5 мың теңге төлейді", - деп жазды президент желіде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1864772-komissia-karantindi-2-tamyzga-dejin-zartu-turaly-sesim-kabyldady.html