Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Аянбай еңбек етеміз": Ақтөбе дәрігерлері президентке алғыс айтты

Опубликовано:

Ақтөбе өңірінің дәрігерлер қауымы марқұм әріптестерін мемлекеттік наградамен марапаттаған Қасым-Жомарт Тоқаеқа алғыс білдірді. Ақ халаттылар індетпен күрес жолында жан аямастан қызмет ететінін айтып, барша жұртқа амандық тіледі деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Аянбай еңбек етеміз": Ақтөбе дәрігерлері президентке алғыс айтты
Фото: NUR.KZ: Facebook

Облыстағы ақ желеңді абзал жандардың алғысын "SENIM" денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы" Республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Қайрат Сабыр, Ақтөбе облысының денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің ардагерлер кеңесі төрағасы Роман Рахиев, Ақтөбе облысы дәрігерлері мен провизорларының ассоциациясы қоғамдық бірлестігінің президенті Роза Ізтілеуова жеткізді.

"Құрметті Қасым - Жомарт Кемелұлы!
Бүкіл әлемді дүрліктіріп, әлекке салған пандемия біздің елді де орасан зор дүрбелеңге салды. Барлық елдерде дәрігерлер осы індетпен алдыңғы қатарда болып, қауіпті дертпен жан аямай күресуде.
Солардың қатарында біз де , Ақтөбе өңірінің дәрігерлері қатерлі вирустың салдарынан дертке шалдыққан науқастардың жанына араша түсіп, шамамыз келгенше аман алып қалуға тырысудамыз",- деп жазды дәрігерлер.

Медицина қызметкерлері осы "майданда" жанқиярлық ерлік көрсетіп жүрген әріптестері аз емес екенін атап өтті. Олар дертпен айқасып жүріп көз жұмған дәрігерлерді де еске алды.

"Өкінішке қарай, олардың бірқатары басқалардың өмірі үшін күресе жүріп, өздері осы індеттің құрбаны болды. Олардың ерлікке тән еңбегін бағалап, сіз, Қасым -Жомарт Кемелұлы өз жарлығыңызбен жоғары мемлекеттік наградамен марапататтауыңызды біз ерекше көңіл-күймен қабылдадық. Ақтөбе өңірі батыс аймағында медициналық кластер болып қалыптасты.

Ортамыздан әлемге әйгілі болған шипагерлеріміз Аққағаз Досжанова, Ишанбай Қарақұлов, Жақсылық Досқалиев, Серік Ақшолақов сынды жерлестеріміз шыққан өлкеден, осы індетпен күресте соңғы демі қалғанша басқаларға жан арашашы болып жүріп, өзі де келмес сапарға кеткен әріптесіміз Қозбағаров Қалихан Есбосынұлына мемлекеттік жоғары марапат - "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілуін тек марқұмның жеке басына ғана көрсетілген құрмет қана емес, ақтөбелік барша дәрігердің еңбегінің еленуі деп түсіндік",- деді ақ халаттылар.

Өңір шипагерлері пандемиямен күресте табандылық танытып, жан аямастан қызмет етуге уәде берді.

"Сол үшін өзіңізге, қадірменді Қасым - Жомарт Кемелұлы, ақтөбелік барша медицина қызметкерлері қауымы атынан алғысымызды білдіргіміз келеді. Және осы індетпен күрес жолында біз жан аямастан қызмет етіп, науқастарымыздың саны азайып, біздің қарамағымызда жатқандарға тиісті медициналық көмегімізді беріп, тезірек жазылып, қатарға қосылуларына қолдан келгеннің бәрін жасаймыз деп сендіреміз.

Өйткені, біздің өңірдің оған толық мүмкіндігі бар, қажетті мамандарымыз, құрал-жабдық, тиісті дәрі-дәрмек жеткілікті. Жанға шипа болар жылы сөзіміз бен мейіріміміз де жетерлік",- деп ағынан жарылды медқызметкерлер.

Ақ халаттылар атқарылып жатқан еңбекті дұрыс бағалап, рахметін айтып жатқан халық, тиісінше жәрдем беріп, қолдау көрсететін басшылар бар екенін де жеткізді.

"Елдің ірі кәсіпорындары басшылары мен кәсіпкерлеріміз, жүздеген еріктілеріміз, елдің азаматтары шынайы жанашырлық көрсетіп, әрдайым қол ұшын беріп, жәрдемдерін аямауда. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымақтастықтың үлгісін көрсетті.
Ең бастысы, елде мол түсінік, береке-бірлік бар. Ал бірлік бар жерде алынбайтын қамал жоқ екені айдан анық. Баршаңызға осынау сынақтан сынбай, аман-есен өтуімізді тілейміз. Елдің амандығы, деннің саулығы болсын",- деп түйіндеді олар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1864868-aanbaj-ebek-etemiz-aktbe-drigerleri-prezidentke-algys-ajtty/

pixel