RU

Карантинде жұмыссыз қалмаса да, 42 500 теңгеге өтінім бергендер жазалана ма

42 500 теңге әлеуметтік төлем алуға құқығыңыз болмаса, онда өтінім берудің еш қажеті жоқ. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Карантинде жұмыссыз қалмаса да, 42 500 теңгеге өтінім бергендер жазалана ма
Фото: NUR.KZ: Original
"Осы уақытқа дейін жұмыс істеп келіп, карантинге байланысты табысынан қағылған жалдамалы жұмысшылар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жеке кәсіпкерлер өтінім бере алады. Ал мұндай санатқа кірмейтіндер әлеуметтік төлем алуға тырыспай-ақ қоюларыңызды өтінемін. Бұл – жауапкершілік. Осы жолы порталдың төменгі жағында әрбір адам оқып, шектеу шараларына байланысты кірісінен айырылғанын растайтын белгіні белгілеуі тиіс болады. Ол ұсынған мәліметтері үшін мойнына жауапкершілік алады", – деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.

Осы ретте ол әлеуметтік төлем алуға құқығы жоқ азаматтарға 42 500 теңге алу үшін өтінім берудің қажеті жоқ екендігін ескертті.

"Өткен жолы жарты жыл бұрын жұмыс істеп кеткен жұмыс берушісінің бизнес сәйкестендіру номерін көрсетіп, өтінім берген азаматтар да болды. Оларға да 42 500 теңгеге өтінім бермеуді ұсынамыз. Жұмыссыз жүргендер жұмыспен қамту орталықтарына жүгінгені дұрыс. Онда тіркелу арқылы өз жалақыңның шамамен 40 пайызы мөлшерінде заңды төлем алуға болады", – деді Біржан Нұрымбетов.

Еске салсақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шілде айында қазақстандықтарға төленетін 42 500 теңгеге қатысты жаңа талаптар енгізгені туралы жазған едік. Ендігі ереже бойынша, жалдамалы жұмысшылар үшін өтінішті жұмыс беруші ұсынуы тиіс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1864918-karantinde-zmyssyz-kalmasa-da-42-500-tegege-tinim-bergender-zazalana-ma.html