RU

Алматыда коронавирус таралған соң қойдың майы қымбаттап кетті (видео)

Коронавирусқа ем іздеген алматылықтар халық өнімдеріне жүгіне бастады. Нәтижесінде азғантай уақыт ішінде қой майының бағасы шарықтап кетті деп жазады KAZ.NUR.KZ Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Алматыда коронавирус шыққан соң қойдың майы қымбаттап кетті (видео)
Көрнекі фото: pixabay.com: UGC

Бұрын нарықта 1000-1500 теңгеге сатылған қазақы қойдың құйрығы бүгінде 2 мың теңгеден асып кетті. Қойдың бағасы да қымбат.

Өйткені, пандемия кезінде құйрық майға деген сұраныс артқан. Алматы тұрғындары вирусты емдеуде халықтық емге жүгініп, шипаны осы әдістен іздеуге көшкен.

Шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан, Алматы базарларында құйрық май іздеп жүргендер көп. Өз үйінде емделіп жатқан қауым халықтық емге бет бұрғандай.

"Ал ауру алқымыңнан алғанда оның құнына да қарамайды екенсіз", - дейді тұрғындар.

Соңғы уақытта әлеуметтік желіде құйрық майдың дайындалу тәсілдерін көрсететін бейнелердің қаралымы мен таралымы артқан. Бұл ретте мамандардың өз пікірі бар.

"Оның пайдасы бар, әрине, мысалы суық тиіп ауырған кездерде сонымен орап, кей уақыттарда, сосын шамалы ішу керек. Ал, қазір құйрық пайдалы дегенді алады да, апырып-жапырып жей береді. Оның құрамында қауіпті заттар көп. Витаминдер бар, жаңағы пайдалы дүниемен қоса, зиянды жақтары бар, холестерин көп.
Холестерин ол мына адамның денсаулығына бір жағы пайдалы болғанымен, зиянды жақтары басым болып кетеді. Яғни, емдік қасиеті мол қуатты азықты пайдаланған соң соншалықты энергия жұмсау керек", - деді Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1864997-almatyda-koronavirus-taralgan-so-kojdy-majy-kymbattap-ketti-video.html