RU

"Жағдай жақсы емес": Ақтөбеде індет басталғалы 18 дәрігер көз жұмған

Ақтөбелік дәрігерлер тұрғындардан сақтық шараларын сақтауды сұрайды. Мамандар пікірінше, ауруханаға түскен науқастардың жүз пайызы тойға барып, садақада болғандар деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ақтөбеде 18 медицина қызметкері коронавирустан көз жұмды
Көрнекі фото: pixabay.com: UGC

"Індетпен күресу оңайға соғып жатқан жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы соңғы кезде дерт ауамен жұғуы мүмкін деген болжамдарды ұсынып жатыр.

Сондықтан әр адам сақтық шараларын күшейту керек. Табиғи дәрумендер жеп, иммунитетті күшейткен дұрыс. Талдама кезінде науқастардың жүз пайызы тойда, садақада болғаны анықталды. Біз дертпен бәріміз күрескенде ғана жеңіп шығамыз", – дейді "SENIM" денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы" Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Қайрат Сабыр.

Өңірде медицина қызметкерлерінің арасында да індеттен қаза болғандар аз емес.

"Әріптестеріміз індет жұқтырған халықтың ортасында жүр. Олар да ауырып жатыр. 18 адам қаза болды. Олардың бәрі дәрігер емес, осы медицина саласында еңбек етіп жүрген мамандар. Жағдай жақсы емес. Сондықтан әр адам түсінсе екен.

Оттың ортасында жүрген аурухананың бас дәрігерлері мен орынбасарларына еңбегі үшін қосымша ақы төленбейді. Тек дәрігерлер, медбикелер және кіші қызметкерлерге қосымша қаражат қосылады.

Ал инфекциялық ауруханада жасайтын мамандарға айына жалақыдан бөлек 850 мың теңге ақша төленеді. Мұндай қолдау медбикеге де, кіші қызметкерге де қарастырылған. Екінші топтағы медицина қызметкерлері 425 мың теңге, үшінші топ 225 теңге қосымша қаржы алып отыр", – дейді Қайрат Сабыр.

Өңірде дәрі тапшылығы мәселесі де мамандармен жіті бақылауға алынған. Құзырлы орган өкілдерінен құралған арнайы топ мониторинг жұмыстарын күнделікті жасайды.

Нәтижесінде дәрі басағасын негізсіз үш есеге дейін көтерген дәріханалар анықталды.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті Фармацевтикалық инспекторат бөлімінің басшысы Дариға Елеуованың айтуынша, қазіргі уақытта дәріханаларда кезек азайды.

Қажетті дәрі-дәрмек қоймаларға уақытында жеткізіліп жатыр. Бөлшек саудадағы баға көтерілген жағдайлар бойынша материал тергеу экономикалық департаментіне жіберілген.

Қазіргі уақытта төрт әкімшілік құқық бұзушылық іс қозғалған. Атап айтсақ, 372 теңге тұратын аскарбин қышқылы 1000 теңгеден сатылыпты.

Бүгінгі күні Ақтөбе облысында 367 дәріхана жұмыс істейді. Оның 277-сі қалада болса, ауылдық жерлерде 90 дәріхана бар. Және өңірде 12 дәріханалық қойма жұмыс жасап тұр.

Еске салсақ, Ақтөбе облысы Байғанин аудандық ауруханасының медбикесі Құлай Егеубай 55 жасында өкпе қабынуынан көз жұмды. Өмірінің соңына дейін індетпен күрескен марқұмның қызы облыс әкімінің қолынан анасына берілген "Құрмет" орденін алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1865010-zagdaj-zaksy-emes-aktbede-18-medicina-kyzmetkeri-koronavirustan-kz-zmdy.html