RU

"Бір тал бетперде берген": ШҚО жұрты әкімдіктің көмегіне наразы

Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары жұртқа көмек ретінде бір талдан медициналық маска таратқан өңір билігіне ренішін білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов: Original
"Семейде жергілікті билік көктемде айтқан көмекті адамдарға қазір көрсете бастады. Әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен бір медициналық бетперде әкеп беріпті. Анама көрсеткен көмегі үшін Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовке рақмет! Картаңыздың номерін жазып жіберіңіз, бұндай көмекке 100 теңге аударайын. Оның көлеміне қарағанда, қала әкімдігіне ақша көбірек қажет сияқты", – деп жазды блогер Яков Федоров.

Қазір блогердің әлеуметтік желідегі жазбасы қызу талқылануда. Жұрт оның астына сан алуан пікір жазған. Бірі "үлкен көмек беріпті" деп келеке қылса, енді бірі екі адамды бір қорғаныс құралымен қарық қылып жатқанын айтқан.

Ал мамандар болса, бұл медициналық маскалардың көп рет пайдалануға жарайтынын алға тартуда. Мұндай көмек облыс әкімінің бастамасымен екінші мәрте көрсетіліп отыр екен. Бұл жолы олар өңірдегі 470 мың адамды тегін маскалармен қамтамасыз етпек.

"Бюджеттен тыс қаржы есебінен біздің облыстағы зейнеткерлерге, соғысқа қатысқан ардагерлерге берілетін болады. Сонымен қатар, әлеуметтік көмек алатын және көпбалалы жанұяларға, мүгедектерге, ата-ананың қомқорлығынсыз қалған балаларға ұзақ уақыт пайдалануға болатын маска беріледі", – дейіді ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Сұлтанова.

Дереккөз КТК арнасы

Еске сала кетейік, бұған дейін әділет министрі Марат Бекетаев "көшеде маскасыз жүргендерге айыппұл салына ма" деген сұраққа жауап берген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1865150-bir-tal-betperde-bergen-sko-zrty-kimdikti-kmegine-narazy.html