RU

ДДСҰ коронавирустың бірде-бір жағдайы тіркелмеген Түркіменстанға үндеу жасады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 15 шілде күні Түркіменстандағы өз миссиясын аяқтады. Қорытынды бойынша елде коронавирус жоқ. Осы орайда Ашхабад қаласында өткен баспасөз конференцияда комиссия басшысы Кэтрин Смолвуд ел үкіметіне үндеу жасады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Түркіменпорталға" сілтеме жасап.

ДДСҰ коронавирустың бірде-бір жағдайы тіркелмеген Түркіменстанға үндеу жасады
Көрнекі фото: centralasia.media: Facebook

ДДСҰ еуропалық секторына жауап беретін Смолвуд Түркіменстанда коронавирустың таралмауының алдын алу үшін енгізілген күшейту шараларына оң баға берді.

Сонымен қатар ол ел билігіне COVID-19 таралған жағдайда бекітілуі қажет қоғамдық денсаулық сақтаудың негізгі шараларын қабылдауды ұсынды.

Кэтриинің айтуынша, оның командасы жедел респираторлық аурулар немесе белгісіз пневмония деректерінің өсуі туралы көптеген хабарламалар бар екенінен хабардар және бұл деректерге өте алаңдаулы.

"Эпидемологиялық қадағалау және тестілеу жүйелерінің жұмысын күшейтуді, сондай-ақ алынған үлгілерді қайта тестілеу үшін ДДСҰ референс-зертханаларына жіберуді ұсынамыз. Мұны ауру пайда болғанда көптеген ірі мемлекет жасаған", - дейді Смолвуд.

Ол вирусты тоқтату ортақ міндет екенін атап өтті.

"Қабылданған күш-жігердің нәтижелерін пайдаланатын, жедел респираторлық инфекциялар мен COVID-19-ға күдікті жағдайлар үшін әрі қарайғы іс-қимылдарды жандандыру және тестілеумен қамтуды кеңейту, COVID-19 бар пациенттерді қабылдауға барлық денсаулық сақтау мекемелері мен барлық медицина қызметкерлерінің дайындығын күшейту уақыты келді", - деп түйіндеді Смолвуд.

ДДСҰ миссиясы Түркіменстанға елдегі коронавирус жағдайын зерттеу үшін 6 шілде күні келді.

Түркіменстан үкіметі миссия мүшелеріне медициналық мекемелерді, қоғамдық денсаулық сақтау орталықтыры мен зертханаларды тексеру сынды жұмыстарды ұйымдастырып берді.

Айта кетейік, ресми түрде Түркіменстан коронавирус инфекциясының бірде-бір дерегі туралы хабарлаған жоқ. Алайда, БАҚ беттерінде ауруханалар пневмония белгілері бар пациенттерге толы екені, олардың кейбірі қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1865164-dds-koronavirusty-birde-bir-zagdajy-tirkelmegen-trkimenstanga-ndeu-zasady.html