RU

"Вирустар теңіз суында тез өледі": Инфекционист жағажайларды ашуға шақырды

Әзербайжанның бас инфекционист-дәрігері Джалал Исаев азаматтарға теңізге баруға рұқсат беру керектігін мәлімдеді. Айтуынша, вирустар теңіз суында тез өледі деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Disput.az-ға сілтеме жасап.

Көрнекі сурет: pixabay.com
Көрнекі сурет: pixabay.com: Facebook

Исаев күнге қыздырынудың иммунитет үшін пайдалы екенін еске салды.

"Бұл тек D дәруменін алу үшін ғана емес, иммундық және жүйке жүйесін жақсарту үшін қажет. Алайда, теңізде бірнеше ережелерді сақтаған жөн – оларды пысықтау қажет. Адамдарға теңізге баруға мүмкіндікі беру керек", – дейді ол.

Сондай-ақ дәрігер әлеуметтік арақашықтықсыз көп адамның шоғырлануы қиындық тудыратынын атап өтті. Дегенмен, ережелерді сақтай отырып, теңізге бару қауіп тудырмайтынын жеткізді.

"Вирустар теңіз суында тез өледі. Ауру жұқтыру қаупі жоқ десе де болады. Бірақ жағажайларға бару үшін тиісті механизм жасап шығару керек. Қысқа мерзім ішінде шетелдік тәжірибені зерттеп, оны Әзербайжанда қолдану қажет. Мысалы, Түркияның жағажайларында адамдарға қандай арақашықтық сақтау керектігі көрсетілген", – дейді маман.

Вирустың теңізге баруға кедергі келтірмейтінін ғалымдар бұрыннан айтып келеді. Мәселен, Ресейдің тұтынушылар құқығын қорғау және адамдардың әл-ауқатын бақылау федералды қызметі теңіз жағасында коронавирус жұқтырмау үшін туристерге арналған талаптар мен ережелердің айтарлықтай кең тізімін жасап шығарды.

Ғалымдар теңіз суында инфекция жұқтыру қаупін анықтау үшін бірнеше зерттеу жүргізіп көрген. Сарапшылардың көбі бұл мәселеде бір тұжырымға келген: Теңіз суында вирус жұқтыру ықтималдығы өте төмен немесе мүлде жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның әділет министрі Марат Бекетаев карантин кезінде көп адам болып шоғырланбай, қала сыртында демалуға болатынын мәлім еткен еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1865166-virustar-teiz-suynda-tez-ledi-infekcionist-zagazajlardy-asuga-sakyrdy.html