RU

Дана Нұржігіт: Дәрі сатқан жемқорларды сүйекке таңба болатындай масқара ету керек

Отандық танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт қатерлі індет кезінде жемқорлық оқиғалары да көбейіп кеткеніне шүйлікті. Ақпарат өкілі халық емге ақша таппай жатқанда дәрі-дәрмек бағасын күрт қымбаттатып жібергендерді сөгіп тастады. Ол ел үшін қиын кезеңде қол ұшын созудың орнына пайда көрмек болған адамдардың аттарын жариялауды ұсынды деп жазады KAZ.NUR.KZ "Еуразия бірінші" арнасына сілтеме жасап.

Фото: Instagram/dana_nurzhigit.
Фото: Instagram/dana_nurzhigit.: Instagram

Дана Нұржігіт халыққа қиянат жасап отырғандардың есімін жұрт білу керек екенін алға артты. Белгілі журналист дәріні қымбатқа сатқандардың атын жария етіп, кейін олармен ешкім қол беріп амандаспайтындай масқарасын шығарса артық етпейтінін жеткізді.

"Біздің осы қоғамдағы жемқорлық пен алыпсатарлық ушығып барып, біз осыдан жазылсақ екен. Енді ерте мен еш пе, коронавирус бітетін шығар. Емі табылатын шығар. Үміт бар, тек Қазақстанда ғана емес. Барлық әлем елдері де үмітті. Осы аурумен, қоғамдағы аурулармен де ауырып болып, өршітіп, айығу кезеңіне келетін шығармыз деп ойлаймын.

Осыдан кейін біздің жемқорларды сонша жек көретініміз ашық айтылса, қол бермейтіндей, араласпайтындай, сүйекке таңба болатынбай масқара ету керек. "Сен ол кезде окопта жатып, оқ сатқансың, жау келе жатқан кезде саудаласып тұрғансың" деген сияқты тұтас жеті ұрпағына дейін таңба болатындай ұят нәрсе болу керек. Алыпсатарлардың аты белгілі болу керек.

Кішкентай аппаратты бейбіт өмірде он мыңға сатып отырып, соғыс кезінде оны отыз-қырық мыңға сатып, өлейін деп жатқан адамның ауасын бермей саудаласқандардың есімі белгілі болу керек. Кейін олармен араласпайтындай, қыз беріспейтіндей жағдайға жеткізу керек. Осылай ғана қоғам өзін-өзі тазалайды. Біз әркімнің көңіліне қарап, кешіре салатын қазақпыз. Бірақ, мынандайда кешіруге болмайды" , - деді Дана Нұржігіт.

Тележүргізуші дәріні қымбатқа сатқандар туралы айтқан сәтімен Instagram парақшасында бөліскен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1865218-dana-nrzigit-dri-satkan-zemkorlardy-sjekke-taba-bolatyndaj-maskara-etu-kerek.html