RU

800-ден аса өрт сөндіруші арпалысып жатыр: Сібірде орман өртке оранды

Сібірдегі орманды жайпаған қызыл жалынды ауыздықтау қолдан келмей жатыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.

Сібірде орман өртеніп жатыр
Көрнекі фото: alau.kz: UGC

Реесей Федерациясы Саха республикасында 106 өрт ошағы тіркелген.

Тілсіз жаумен жергілікті және көрші аймақтардан көмекке келген 800-ден аса өрт сөндіруші арпалысып жатыр.

Өртенген орманның түтіні қалаларға да жетіпті. 400 шақырым қашықтықта орналасқан Якутскты қою түтін тұмшалап алған көрінеді. Қала тұрғындары осының салдарынан тыныс алу жүйесінің аурулары асқынады деп қауіптеніп отыр.

Орман өртінің өршуіне аптап ауа райы себеп болып тұр. Биыл Сібір мен Қиыр Шығыс аймағында бұрын-соңды болмаған ыстық орнаған. Тіпті Солтүстік полюске жақын өңірдің өзінде ауа температурасы 38 градусқа дейін көтерілген екен. Осындай жағдайда қурап қалған шөп пен бұтақтардың өртенуіне бір ғана ұшқын жеткілікті.

Еске сала кетсек, кеше шілденің 17-сі күні оңтүстік астананың Наурызбай ауданындағы әкімшілік ғимараттан өрт шыққан болатын.

Сонымен қатар қызыл жалынның жақын орналасқан қоймалар мен қонақүйлерге ойысуы мүмкін деген қауіп болған көрінеді. Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар комитеті оқиға орнынан түсірілген видеомен бөліскен еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1865317-800-den-asa-rt-sndirusi-arpalysyp-zatyr-sibirde-orman-rtke-orandy.html