Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Не үшін кешірім сұрау керек?": Басы дауға қалған Әбдіхалықоваға белсенді араша түсті

Опубликовано:

Желі белсендісі Мақсат Дауылбай Қызылорда әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың қатысуымен орын алған шулы видеоға қатысты өз ойын білдірді. Ол ақиқатын білмей, өңір басшысы туралы теріс пікір қалдырған ел тұрғындарынан орнына қойған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Видеодан кадр
Видеодан кадр: Instagram

Бұл туралы Мақсат Дауылбай Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

"Мен қазір бірдеңе десем жарылайын деп тұрсыздар... Сонда да болса “айтпаса сөздің атасының өлетінін” еске салып, өз пікірімді ұсынамын!

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова Жаңақорған ауданына іс-сапармен барыпты, қазанына ортақтасып емес, қайғысын бөлісуге, індетпен күрескерлердің жұмысымен танысуға, сырқаттардың жағдайын білуге!..

Кемшіліксіз кеңістік жоқ, қоғамдық көліктің бағытын бұрғызған әрекет ауданның ақпарат белсендісінің “жанайқайына” себеп болыпты.

  • Болған екен, біздің Сыр бойында жағымпаздықтың тап осындай асқынған түрі бұрыннан бар, азаматшаның өкпесі де орынды...
Бірақ мән-жайды толық білмей жатып әкімді жаппай қаралауға не себеп?.. Тап осындай қалыптасқан әдепсіз қағидаға кінәлі адамды қаралау керек болса, ол адам Қызылордада емес! Тіпті, ол адамның Жаңақорғандағы дертті халықпен шаруасы да болмауы мүмкін...

Гүлшара Наушақызы Облыс әкімі басымен ауданға: “мен барамын, жолымда көлік жүрмейтін болсын!..”,-деп хабарласып отырмайтыны анық.

Орын алған оқиғаның видеосын жарыса жариялап жатқан жазбаларға негізгі пікірлер “кешірім сұрамай ма?..”-ның айналасында екен. Не үшін? Өзі бермеген тапсырма, өзі жасамаған қателік үшін алдында “әй-шайсыз” келіп, айқайлап тұрған өзінен жасы кіші әйелден кешірім сұрау керек пе еді?.. Мүмкін аяғына жығылу керек шығар?! Ой-өкпесін байыппен жеткізгенде болмас па еді?..

Видеоны көріп отырмыз, әкім айқайлап қойған сұрақтарына әдеппен жауап берді және сауалдарға толық жауап қатып барып көлігіне отырды, бұл жерде не кінәрат бар?.. Бұдан артық не керек?.. “Ханның қызысыз ба?..”,-дегеніне “жоқ, қарапайым соғыс ардагерінің қызы едім!..” деп тұруы керек пе еді?!

Көппен бірге бәрін бақылап отырмыз, ақты “ақ” дей алмасақ, әділетін айтып үн қоспасақ адамдығымыз қайда қалады?..

Ұлттық мүддені қаузаған, ашуға ұласқан айқайларға түсіністікпен қарап жүр едім, ашынған халықтың ақиқаты ғой деген пікірде жүр едім. Бүгінгі бұл оқиғаны, оның айналасында көтеріліп тұрған мәселені де жосықсыз демеймін, бірақ, Қазақтың атүстінде жүрген қарғадай қызын қаралау дұрыс емес!.. Сәл түсіністікпен қарау керек, халыққа, туған жерге қызмет етемін деп келген адамның меселін қайтаруға тырыспау керек!..

Ақыры қалай болар екен деп отыр едік, әкім халыққа түсініктеме беріпті... Бұдан кейін де қаралауды тоқтатпау тым артық болады!..

Адамгершілік қағидаттарынан аспайық, халыққа сабыр, әкімге төзім тілеймін! Көп адам осы жазбам үшін маған өкпелейтінін білемін, жек көріп кетуге дейін баратынын да білемін, бірақ, бұл - менің пікірім!", - деді ол.

Айта кетейік, осыған дейін әлеуметтік желіде Жаңақорған ауданының тұрғыны Қызылорда облысының әкімі келеді деп жолды жауып тастағанын айтып, видео жариялаған болатын.

"Сіз осында келе жатырмын деп жолды жаптырдыңыз ба? Бізді жолдан түсіріп кетті. Жолды жаптыратын ханның қызысыз ба? Неге келе жатқанда осылай жасайсыздар? Халықты қорлайсыздар, халықпен бірге емессіздер", - деді облыс тұрғыны.

Осы видеоға қатысты кейінірек Гүлшара Әбдіхалықова түсініктеме берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1865340-ne-sin-kesirim-srau-kerek-basy-dauga-kalgan-bdihalykovaga-belsendi-arasa-tsti/

pixel