RU

Алматы облысының тұрғыны автокөлігімен адам қағып өлтіріп, ізін жасырған

Алматы облысында автокөлігімен адам қағып өлтірген жүргізуші оқиға орнынан ізін жасырған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Фото: polisia.kz
Фото: polisia.kz: Facebook

Жол-көлік оқиғасы 11 шілде сағат 13.30 шамасында Қарасай ауданында орын алған. Полицияға Долан ауылының шетінен ер адамның денесі табылғаны туралы хабарлама келіп түскен.

"Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы алынған ақпаратты растады, бірақ жол-көлік оқиғасына кінәлі азаматты ізін суытпай анықтап, ұстау мүмкін болмады, себебі бой тасалаған автокөліктің маркасы да, нөмірі де белгісіз. Қайтыс болған адамның жеке басы анықталғаннан кейін, оның 58 жастағы жергілікті тұрғын екені анықталды. Туысқандарының айтуынша, ол таңертең Алматы қаласына жұмысқа шыққан, – деп хабарлайды Алматы облысы ПД ЖПҚБ іздеу тобының инспекторы Алдияр Тайбеков.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Жамбыл ауданынан “Mersedes-Benz 190” маркалы автокөлігінің 25 жастағы жүргізушісі анықталып, ұсталды. Ол бастапқыда машинаның тұрған жерін жасырып, оны көрсетуден бас тартқан, алайда, ұсынылған дәлелдерден кейін әшкереленіп, көлік құралының тұрған жерін көрсеткен.

"Оның жеке шеберлер арқылы жол-көлік оқиғасы кезінде пайда болған зақымдарды үйде жөндеп үлгергені анықталды. Сол күні таңертең ол Алтын Орда базарына жұмысқа бара жатқан. Жаяу жүргіншіні қағып кеткен ол, қорыққаннан оқиға орнынан қашып кеткен, – деп толықтырды Тайбеков.

Аталған дерек ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі, 346-бабы 1-бөлігі бойынша тіркеліп, тергеліп жатыр.

Айта кетейік, жақында Атырау-Орал тас жолында Toyota Camry маркалы жеңіл көлігінің аударылып, оқиға орнында екі адамның мерт болғанын хабарлағанбыз. Ал ауруханаға жеткізілген жүргізуші мен жолаушы медициналық мекемеде ажал құшты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1865416-almaty-oblysyny-trgyny-avtokligimen-adam-kagyp-ltirip-izin-zasyrgan.html